Ақтауда темір вагонды паналап келген көпбалалы отбасыға пәтер сыйлады
Ақтау қаласының жомарт жандары 6 баласы бар отбасыға жаңа салынған үйлерден екі бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті. Көпбалалы отбасы осыған дейін шаһар іргесіндегі иесіз жатқан өндірістік аймақтағы темір вагонды паналап келген. Мұндай сыйлықты күтпеген «Күміс Алқа» иегері Нағима Көпжасарованың қуанышында шек жоқ. Оның 2 бірдей баласы мен жолдасы бірінші топтағы мүгедек. «Енді олардың жылы да жайлы үйде тұруына мүмкіндік туды»,-дейді көпбалалы ана Нағима Көпжасарова. Қоныс тойын тойлауға игілікті іске ұйтқы болған жергілікті билік пен «Ақжүніс» аналар қоғамының өкілдері де келді. 30 шағынаудандағы пәтер «K7 Grouр» құрылыс компаниясының демеушілігімен берілді.
НАҒИМА КӨПЖАСАРОВА, КӨПБАЛАЛЫ АНА:
-Бүгін қуанышты күн. Біздің отабсымыз үшін керемет жаңалық болды. Әлі де толқып тұрмын. Қыздарым қатты қуанып жатыр. Мұндай пәтерге қол жеткіземін деп ешқашан ойлаған жоқпын. Қуаныштымын, қолдау көрсеткен жандарға Алла разы болсын.
АНАР ШАМШАДИНОВА, «АҚЖҮНІС» АНАЛАР ҚОҒАМЫНЫҢ ОБЛЫСТАҒЫ ЖЕТЕКШІСІ:
-Адамгершілік жасап, көмек көрсету дұрыс деп санаймын. Өз атымнан, «Ақжүніс» аналар қоғамының атынан үлкен алғысымды айтамын. Нағима Көпжасарова осы үйде өз бала-шағасымен, отағасымен бақытты өмір сүретініне сенеміз. Отағасы Серік ағамызды қолының шеберлігі бар екен. Біз ол кісіні Ақтау қаласы бойынша «Бизнес 3 күнде» жобасына тартуды ойлап отырмыз. Ол кісі ағаштан әртүрлі бұйымдар ажсайды екен. Сол бойынша ол кісінің кәсібін дамытуға қолұшын бергіміз келеді.