Ақтауда оқушылар мектепке кіреберісте тапталып қала жаздады
Келеңсіз жағдай 34-шағын аудандағы нөмірі 19-жалпы білім беру мектебінде болды. Мектеп әкімшілігі екінші ауысымда оқитын сыныптың оқушыларын ғимаратқа сабақтың басталуына 5 минут қалғанда кіргізген. Салдарынан кіре берісте кептеліс болып, балалар бір-бірін итеріп, жаншылып қалған.
Ата-аналардың айтуынша, екінші ауысымның оқушылары күн сайын мектепке кіре алмай, есік алдында күтуге мәжбүр.
— Қызым күнде шағымданатын. «Мектептің есігін сабақ басталуға бес минут қалғанда ғана ашады, бала көп, 5 минутта кіріп үлгермейміз» — дейтін. Мен барып көрейін деп шештім. Расында да солай екен. Оқушыларды ішкі кіргізбейді. Есік ашылғанда жүздеген бала ішке лап беріп, таласып-тармасып кіреді. Есік алдындағы күзетшіден сұрағанымда, бұл директордың тапсырмасы деді, — дейді ата-аналардың бірі.
Ақтау қалалық білім бөлімі жағдайдың бақылауға алынғанын жеткізді. Ал, мектеп әкімшілігі болса, аталған оқиғаның бірінші рет болғанын айтады.
— Әлеуметтік желілерде таралған бейнежазба Ақтау қаласының №19 мектебінде 24 қыркүйек күні сағат 13:45-те мектепте педагогтер арасында өткен жиналыс кезінде және мұғалімдер арасындағы кезекшіліктің ауысу сәтінде болған. Мәселеге қатысты жауаптыларға ескерту жасалып, мектеп әкімшілігіне балалардың қауіпсіздігіне аса көңіл бөлу, оқушыларды ғимаратқа уақтылы кіргізуді қадағалау қатаң ескертілді. Айта кететін жәйт, бұл мектепте оқыту 3 ауысымда жүреді, жыл сайын оқушы саны көбеюде. Мәселені 2024-2025 жылдары жүзеге асырылатын «Жайлы мектеп» жобасы аясындағы жаңа мектеп құрылысы негізінде шешу жоспарланған. Мәселе бақылауда, — делінген хабарламада.
Маңғыстау облыстық білім басқармасы баспасөз қызметі бүгін, 25-қыркүйекте 19-мектепте жағдай түзеліп, ешқандай қысым болмайтынын хабарлады.