Ақтауда не жарылғанын анықтап жатырмыз
Ақтауда металл қабылдайтын пункте болған жарылысты әскери тергеушілер тексеріп жатыр. Бұл туралы 12 желтоқсанда Астанада журналистерге ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов хабарлады. Ол пункте жарылыс неден болғаны анықталып жатқанын және «снаряд немесе граната жарылған» деген ақпаратты растамайтынынын айтты.
Министрдің сөзінше, полиция пунктке металды төрт адам «Газель» көлігімен алып келгенін анықтаған. «Ол металл жинаушылар еш жерде тіркелмеген, даладан алты қап металл жинап, пунктке алып барған. Ол пункте те тіркелмеген, орынды жалға алған. Металл тапсырып жатқан кезде жарылыс болып, оны қабылдаушы мен тапсырушы адам қаза тапқан. Үш адам жараланған, олардың біріне көмек көрсетіліп, екеуі ауруханаға жатқызылды» деді Қасымов.
Министрдің айтуынша, пунктке әкелінген әлдебір зат жарылған болуы мүмкін немесе көліктен жүкті түсіру кезінде металл кесетін құрылғы іске қосылып кеткендіктен жарылыс болуы ықтимал.
Бұған дейін Ішкі істер министрлігінің төтенше жағдайлар комитеті Ақтауда жарылыс орнын тексеру кезінде саперлер танкіде жаттығу мақсатында қолданылатын бірнеше снаряд тапқанын, олардың өздігінен соққыдан я өздігінен жарылып кеткен болуы мүмкін екенін хабарлаған.
Дереккөз: Азаттық