Ақтауда Еуропарламент депутаттары Қазақстандағы адам құқықтары ахуалын талқылады

0

8 сәуірде Ақтауда Европарламент депутаты Джулия Вордс пен Италья адам құқықтары жөніндегі ассоциациясының президенті Антонио Станго жергілікті және Астана, Алматы, Атырау, Қарағандыдан келген азаматтық белсенділермен кездесті. Күні бойына созылған кездесуге құқық қорғаушылар, адвокаттар да қатысты.

Европарламент депуттары Қазақстандағы азаматтық белсенділердің қудалануы мен адам құқытарының сақталуы жағдайымен тереңірек танысу үшін келген.

Жиын кезінде адвокаттар — Жанар Сүндетқалиева мен Гүлнара Жуаспаева Нұр-Сұлтан экстремистік деп таныған «Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысының қызметіне қатысты» деп сотталған Абловас Жұмаев пен Айгүл Ақбердиеваның, Әсет Әбішевтің құқықтары сот процесі барысында «өрескел бұзылғанын» айтты.

Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюроның Атыраудағы өкілдігінің жетекшісі Әсел Нұрғазиева «Қазақстанда азаматтық белсенділік танытқандардың жаппай қуғындалады, көптеген құқық қорғаушы мен белсенді жұмыстан шығарылып, қысымға ұшырады» деді.

Европарламент депуттарымен кездесуге 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы кезінде зардап шеккендер де келді. Әсел Нұрғазиева «олар билік бұйрығымен полиция атқан оқтан жаралы бола тұра, әлі күнге дейін жұмыссыз жүргендерін» айтты.

Европарламент депутаттарымен кездесуде құқық қорғаушылар Азаттық радиосы және «Настоящее время» журналистері Сәния Тойкен мен Светлана Глушкованың сотқа тартылу мәселесіне де тоқталды.

Еуропа парламентінің депутаттары 14 наурызда Астананы «мойнына алған халықаралық міндеттемелерін орындап, адам құқықтары мен олардың негізгі бостандықтарын сақтауға» және «барлық формадағы саяси қуғын-сүргінді тоқтатуға» шақырған қарар қабылдаған. Онда «Қазақстан құқық қорғаушыларды, азаматтық қоғам ұйымдарын және оппозициялық саяси қозғалыстарды негізсіз қамау, репрессия жасау мен қуғындаудың барлық түрін тоқтатуы керек» деп жазылған.

Оқи отырыңыз: Резолюцияда не айтылған?

Резолюцияда тәуелсіз кәсіподақ белсенділері Нұрбек Құшақбаевтың, Әмин Елеусіновтің, Лариса Харькованың, белсенділер — Ардақ Әшім, Макс Боқаев, Ескендір Ерімбетов, Елена Семенова, Абловас Жұмаевтың есімдері аталады.

Еуропарламент Нұр-Сұлтан қамауда отырған Мұхтар Жәкішевті, Макс Боқаевты, Ескендір Ерімбетовті, Сәкен Түлбаевты, Махамбет Әбжанды, Санат Бөкеновті босатуы керегін айтқан.

13 наурызда АҚШ мемлекеттік департаменті де өз есебінде Қазақстандағы адам құқығы жайын сынаған.

Azattyq