Ақтауда ақтөбелік КВН-шіні өлтірген ер адам 15 жылға сотталып кетті — новости Казахстана

0

Ақтау қаласында Ақтөбе көңілді тапқырлар клубының бұрынғы ойыншысы Данияр Әлімбаевтің өліміне қатысты сот үкімі шықты деп хабарлайды NUR.KZ.

Фото NUR.KZ

Фото NUR.KZ

Сот үкімімен айыпталушы А. Сыздықов 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал оның сыбайластары «Бұзақылық» бабы бойынша екі жылға сотталған.

Алайда сот үкімімен келіспеген Данияр Әлімбаевтің жақындары мен достары апелляциялық шағым түсірмекші. Олардың ойынша, сот тым жұмсақ шешім шығарған.

«Біз апелляциялық шағым түсіреміз. Сот шешімі мені қанағаттандырмады. Менің төрт балам жетім қалды, ал қылмыскердің сыбайластары екі жылға ғана бас бостандықтарынан айырылды», — деп марқұмның әйелі Әсел ашуын жасыра алмады.

Сонымен қатар, кісі өлтірген қаскөй жәбірленушінің әйеліне үш миллион көлемінде өтемақы төлеуге міндеттелді. Ал қылмыскердің сыбайластары Төлегенов пен Шортанбаев, сот шешімі бойынша әрқайсысы 500 мың теңге төлеуге міндеттелді.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ, сондықтан апеляциялық шағым түсіруге болады.

Оқиға кезінде жәбірленген марқұмның досы мен құрбысына сотталғандар 100 мың және 50 мың теңге төлеуге міндеттелді.

Естеріңізге сала кетейік, Данияр Әлімбаев 21 шілде күні аяғынан пышақ жарақатын алып, ауруханаға ауыр хәлде жеткізілген болатын. Дәрігерлер КВН-шінің өмірін сақтап қала алмаған.