Ақтау жұрты ұшақ апатынан аман қалған ресейліктерді Мәскеуге шығарып салды

0

Маңғыстаулықтар ұшақ апатынан зардап шеккен 9 ресейлік азамат пен Ресейден келген делегацияны Мәскеуге шығарып салды. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Күні кеше Ақтауға Ресейден ұшақ апатынан зардап шеккендерге көмектесу үшін медицина қызметкерлері мінген борт ұшып келген еді. Бүгін олар әртүрлі деңгейде жарақат алған 9 отандасымен бірге елдеріне қайтты.

“Ресейлік делегацияны Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов бастаған Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, ел ақсақалдары мен жастар ақ тілектерін айтып, шығарып салды. Жарақат алғандардың барлығына Ақтаудағы ауруханаларда қажет медицина көмегі көрсетіліп жатыр”, – деп мәлімдеді Маңғыстау облысының әкімдігі.

Фото: Маңғыстау облысы әкімдігі

Сондай-ақ Ақтауда вице-премьер Қанат Бозымбаев бастаған Үкіметтік комиссия жұмыс істеп жатыр. Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына мемлекет тарапынан қажетті қолдау көрсетіленін атап өтті.

Бұған дейін Ақтауға ұшақ апатынан зардап шеккен ресейліктерді алып кету үшін Ресейден арнайы борт келгені туралы жазған едік.

Еске салсақ, Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан «Azerbaijan Airlines» әуе компаниясына тиесілі жолаушылар ұшағы құлағаны туралы жазған едік. Желіде ұшақтың ішінде апатқа дейін және кейін түсірілген видеолар пайда болды.

Айта кетейік, Ақтау маңындағы ұшақ апатынан 38 адам қаза тапқаны белгілі болды. Ұшақтағы қазақстандықтардың барлығы көз жұмды.