Ақтау сотының төрағасы ұсталды: Антикор істің мән-жайын түсіндірді
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ҚР ҚПК 550-бабына сәйкес Бас прокурормен келісілген соталды тергеу шеңберінде Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі Ақтау сотының төрағасын ұстады. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
“Ақтау тұрғыны өзінің сенімді адамы арқылы сотталушыдан оған қатысты бас бостандығынан айырудан басқа жазаға үкім шығару сылтауымен 18 миллион теңге көлемінде ақшалай қаражат алған. Жоғарыда аталған қылмысқа қатысушы қамауға алынып, Ақтау қаласының тергеу изоляторына қамалды”, – делінген хабарламада.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды.
Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.
Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысы №1 перзентхананың бас дәрігері мен есепшісі пара алу және мемлекет мүлкін жымқыру бабы бойынша сотталғанын хабарладық. Сотталушылардың кінәсі толық дәлелденіп, іс бойынша төрт айыпталушыға да айыппұл салынды. Сотталушы бұрынғы бас дәрігер мен есепші мемлекетке әрқайсысы 27 миллион теңгеден, ал кәсіпкерлер 15 және 20 миллион теңгеден төлеуге тиіс.