Ақтау қаласының студенті министр Саясат Нұрбектен көмек сұрап, видео жариялады (ВИДЕО)
Ақтау қаласындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің студенті Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке өтініш жолдады, деп хабарлайды Kznews.kz Skifnews.kz ақпарат порталына сілтеме жасап.
Ол мекеме басшылығы жемқорлық, қудалау және заңсыздыққа жол бергенін айтып, министрден студенттер арасында анонимді сауалнама жүргізуді өтінді.
Мен Ақтау қаласындағы Шахмардан Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің студентімін. Мен айтқалы отырған мәселе қазір студенттер арасында өзекті болып тұр. Екінші курстан университетке келген студенттерді жалған айтып өздеріне ауысуға шақырған. Оларға оқудың жарты ақшасын, яғни 300 000 теңге ғана төлейсің деп шақырады. Ал жыл соңында қалған жарты бөлігі қарыз боп шығып тұрады. Қарызды 1 ай ішінде төлеу керек деп шарт қояды, сол себепті курстан өте алмай қалған студенттер саны көп, — деп бастады ол видеосын.
Әрі қарай видеода студент семестр ортасында жоспарсыз жаңа дәрістер қосылатынын, біраз сабақтар подвалда өтетінін және студент қыздарға ер оқытушылардың сұрақ қойғандай, сабақ түсіндіргендей сыңай танытып әр жеріне қол тигізіп, сипалап, арсыз әрекеттер жасайтынын; оқытушылар тарапынан студенттерді оқудан шығарамыз деген қорқытулар орын алып жатқанын, ал басшылыққа шағымданғаннан еш нәтиже шықпағанын және тағы басқа да мәселелерді баяндап түсіндірді.
Фото: primeminister.kz