Ақтау қалалық сотының төрағасы қызметінен шеттетілді

0

[ad_1]

11 ақпанда Ақтау қалалық сотының төрағасы Мәлік Кенжалиевтің судья өкілеттілігі сот жюриінің шешімімен тоқтатылды.

Азаттыққа арнайы сұхбат берген Мәлік Кенжалиев Маңғыстау облыстық сотының төрағасы Ержан Дәулиевтің елде экстремистік ұйым ретінде тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысының Telegram чатындағы жазбалары үшін істі болған Айгүл Ақбердиеваны соттау туралы бұйрығын орындамағаны себеп болғанын айтады.

— «Бұл — саяси іс, қалайда оны қамау керек» деген Маңғыстау облыстық сотының төрағасы Ержан Дәулиевтің айтқанын мен жазып алдым. Ол жазбам өзімде сақтаулы тұр. Ақбердиеваның ісі алдымен маған түскен. Мен оның ісінде дәлел болмаған соң кешенді сараптама жасауға бергенмін. Кейін қыркүйекте мен Алматыға оқуға кеткенде менің қаулымды прокурор өтініші бойынша заңсыз бұзып, басқа құраммен қарауға жіберген,- дейді ол.

Өзін заңсыз жұмыстан қуылдым деген бұрынғы сот төрағасы Facebook әлеуметтік желісі арқылы мәлімдеме жасап, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа қайырылды.

Маңғыстау облыстық сотының баспасөз хатшысы Гаухар Нұрманованың мәлімдеуінше, Мәлік Кенжалиев судья әдебіне қайшы келетін теріс қылық жасағаны үшін жұмыстан шеттетілген.

Маңғыстау облыстық сотының нұсқасы бойынша, Мәлік Кенжалиев Каспий теңізі жағалауынан коттедж салып, жалдамалы жұмысшының екі миллион теңгеге жуық еңбегін бермей кеткен.

«Судья сот билігінің беделін төмендетуге және судьяның беделіне нұқсан келтіруге әкеп соғуы мүмкін кез келген іс-әрекеттерден аулақ болуға тиіс. Орындалған жұмысы үшін өз ақшасын ала алмаған бригадир Кенжалиевке бірнеше рет телефон шалып, қалған соманы қайтару туралы өтінішімен смс-хабарламалар арқылы жүгінген. Алайда Кенжалиев ақша қайтарудан жалтарып, балағат сөздер айтып, оны түрмеге отырғызатынын айтып қорқытқан» деп жазылған Маңғыстау облыстық сотының мәлімдемесінде.

Азаттық тілшісі Маңғыстау облыстық сотының төрағасымен сөйлесе алмады. Баспасөз хатшысы мәлімедмеде бәрі жазылғанын, Ақбердиева ісінің Кенжалиевтің орнынан кетуіне қатысы жоқтығын айтты.

Қазір Маңғыстау облыстық соты төрағасының өкімімен Ақтау қалалық соты төрағасының міндетін Гүлмаржан Әділсұлтан атқарып жатыр.

59 жастағы Мәлік Кенжалиев Ақтау қалалық сотының төрағасы қызметін 2016 жылдың қарашасында тағайындалған. Ол 2005-2010 жылдары Ақтау қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы, 2010-2012 жылдары Жаңаөзен қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы, кейін Түпқараған аудандық сотының төрағасы қызметтерін атқарған. Маңғыстау облысының үздік судьясы атағын, Жоғарғы соттың құрмет грамоталарын алған.

[ad_2]

Азаттық