Ақтаудың наразы халқы Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жазды

0

Қоғам белсенділері мемлекет басшысынан «қолдан жасап берген» мәселені шешуді сұрайды

Ақтаудың қоғам белсенділері президент Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жазды. Қала тұрғындары АllianceEnergoSnab-Ақтау энергиямен жабдықтаушы ұйым қызметінің заңдылығын тексеруді сұрайды.

Ақтау халқы не үшін наразы

Қаңтар айында қала тұрғындары жаңа энергиямен жабдықтаушы компаниядан ескерту алды, деп хабарлайды «Лада» басылымы.

Жергілікті халықтың сөзіне сүйенсек, АllianceEnergoSnab-Ақтау негізсіз жоғары тарифтер ұсынып отыр.

Қаладағы шу электр энергиясына жаңа тарифтер жарияланғаннан кейін басталды. Ақтау бойынша тариф пайдаланылған энергия көлемі қанша болса да, қосылған құн салығын есептегенде 17,29 теңге. Баға 2,13 теңгеге арзандады.

Бұл тұрғындарды қанағаттандыра қоймады –  олар үлгі шартқа өз түзетулерін енгізіп, екі жарым мыңдай қол жинаған.

«Қазір энергиямен жабдықтаушы компания пәтерлерге шарт таратып жатыр. Біз жалпы үй қажеттіліктерін есептей отырып, шартқа түзетулер енгізуге шешім қабылдадық. Олар тарифке қосылған, сондықтан «екінші рет» есептеу заңсыз болып саналады. 70 мың тұтынушымыз бар екенін есептегенде, кіріс сомасы мұндай «есептеулерден» кейін көптеген миллион таза пайдаға айналып кетеді», — деді қоғам қайраткері Мұхтар Үмбетов.

Хатта тұрғындар компанияның , сондай-ақ «МАЭК-Қазатомпром» ЖШС мен Маңғыстау облысының табиғи монополияны реттеу, бәсекелестік пен тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің жұмысын тексеруді сұрайды.

Мемлекет басшысына хат 8 ақпанда жолданыпты.

Жергілікті билік не дейді

Нарықта жұмыс істейтін компанияның қызмет көрсетуіне заңды негіз бар, деп мәлімдеді Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Өркен Бисакаев. Оның айтуынша, тарифтер барынша төмендетілген.

Энергиямен жабдықтаушы ұйымның бүкіл Қазақстан бойынша күшке ие мерзімі шектелмеген рұқсатнамасы бар, деп атап өтті ол.

AllianceEnergoSnab-Ақтау директорының сөзіне сүйенсек, қоғам белсенділері ұсынған түзетулерді энергетика министрлігі қарастырады.

Былтыр қараша айында Қауіпсіздік кеңесінің отырысында электр жарығы мен жылу тарифтерінің мәселесі қозғалған болатын. Президент жарықтың тарифін төмендетуге тапсырма беріп, монополияға қарсы органның қызметін сынға алды.

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов кейінірек үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа есеп бергендей, мемлекет басшысының тапсырмасы орындалған.

sputniknews.kz