«Ақшаның барлығын қайтарамыз»: Алматыда «Mudarabah Capital» қаржы пирамидасына қатысты сот тыңдалымы өтті

0

Алматы қаласы Алмалы аудандық сотында «Mudarabah Capital» қаржы пирамидасын құруға қатысты алдын ала сот тыңдалымы өтті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Қаржы пирамидасын құруға және оны басқаруға қатысты қылмыстық істе 12 айыпталушы жауап беруде. Олардың қатарында Руслан Бурханов, вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов бар.

Алдын ала тыңдалым онлайн режимде өтті. Сот отырысына айыпталушылар мен олардың жақындары, зардап шеккен азаматтар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Тыңдалым кезінде айыпталушы Руслан Бурханов, Мейірхан Шерниязов қорғаушысы Дамир Жанабеков арқылы тағылған айыппен келіспейтіндерін жеткізді. Бұдан бөлек айыпталушылар мен олардың қорғаушылары тыңдалымның оффлайн режимде өтіп, үйқамаққа ауыстыруды.

«Mudarabah Capital»  қаржы пирамидасына қатысты істегі басты күдікті Руслан Бурханов салымшылардың қаржысын толық қайтарып беретінін мәлімдеді.

«Мен барлығын қайтарып береміз дегім келеді. Мен уәде бергенмін, барлығын қайтарамын. Сәл шыдаңыздар. Тек қазір қолым байлаулы», – деді ол.

Судья Камшат Саурованың сұрағына жауап берген ол сотқа қатысты шағымдарын жеткізді. Бурхановтың пайымынша, істі прокуратураға қайтару керек және өзге де қатысушыларды жауап тарту керек.

«Неліктен ақшаның барлығы құйылған компанияның директоры Дания Рахимова қамауға алынбады. Мен толыққанды тергеудің жүргенін қалаймын, себебі негізгі қатысушылар жауапқа тартылған жоқ. Қазір бөлмеде 7 адам отыр. Барлығының балалары мен отбасы бар», – деп мәлімдеді Руслан Бурханов.

Мейіржан Төребаев өзіне тағылған айыптардың басым бөлігі заңсыз екенін, тергеу барысында бірнеше заң бұзушылықтар тіркелгенін айтты.

«Дана Есееваны менің қорғаушым ретінде бекітуді сұраймыз. Сонымен қатар заң бұзушылықтардың көп болуына байланысты істі прокурорға қайтаруды сұраймын. Мен компания құрылған соң бірнеше айдан кейін қосылдым. Ал айыптаушы тарап менің кінәмді дәлелдейтін ешқандай нақты айғақ келтірмеді. «, – деді Мейіржан Төребаев.

Ал адвокат Ролан Мурадов Мейіржан Төребаевтың сөзін қостап, оның қылмыстық іске заңсыз тартылғанын алға тартты.

Еске салайық, 2021 жылдың қазанында Mudarabah Capital компаниясының иесі Алматыда қаржы пирамидасын ұйымдастырды деген күдікпен ұсталды.

Сотқа дейінгі тергеу барысында аталған компания жеке және заңды тұлғалармен мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін қажетті қаржы тарту мақсатында бірлескен қызмет туралы шарттар жасасқаны анықталды. Олар бұл істі 2019 жылдың ақпанынан бастап 2021 жылдың қаңтарына дейін жүзеге асырған.