Ақшаны алтынмен сақтауға бола ма? Экономистер қор жинаудың ең тиімді жолдарымен бөлісті – Қазақстан жаңалықтары

0
25

Алтын қай кездері болмасын өзінің құндылығын жоғалтпаған. Ежелгі заманнан бастап қазірге дейін түсті металл байлықтың, ауқаттылықтың нышанына айналған. Бүгінгі күні мемлекет азаматтардың инвестицияларын алтын күйінде сақтауға барынша жағдай жасап, ынталандыруда. Дегенмен байлығыңызды бағалы металл күйінде сақтаған қаншалықты дұрыс? Қор жинағанда нені ескеру керек? Осы тақырыпты Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісі тарқатып көрді.

алтын

Әлемдік алтын кеңесінің 2020 жылдың қаңтар айына жасаған статистикалық мәліметіне орай, Қазақстан алтын қоры жөнінен 100 елдің ішінде 16 орынға табан тірепті. Ресми ақпаратқа сәйкес осы жылдың бірінші айында Қазақстанның алтын қоры 382 тоннаға жеткен. Алайда келтірілген қорытынды Қазақстанның екі орынға төмендегенін аңғартып отыр: 2019 жылдың қыркүйек айында еліміз түсті металл жөнінен 14 орынды иеленіпті.

Мемлекет алтын қорын тұрақты өсіруімен қатар, биліктегілер қазақстандықтардың да бұл бағалы металлға деген қызығушылығын артыра түсуде. Ұлттық банктің ақпараты бойынша, отандастарымыз 2020 жылдың 7 ақпанына дейін қазақстандықтарға 22 865 дана немесе 721 415 грамм тазартылған алтынның өлшеуіш құймалары сатып алған. Халықаралық резервтер бір айда 352 млн долларға (+1,2%) ұлғайып, 2020 жылғы 31 қаңтардағы жағдай бойынша 29,31 млрд долларға жетті. Ал қаңтарда ұлттық қорға 100 млн долларға 2 тонна алтын сатылыпты.

ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың тамыз айында ұлттық қордағы активтерді диверсификациялау саясаты туралы жарлыққа қол қойған болатын. Егер бұған дейін ұлттық қор активтерінің 80%-ы облигация және 20%-ы акция түрінде сақтаулы болса, енді президент бұйрығы бойынша бұл көрсеткіштер сәйкесінше 60% және 30% болып өзгертілген. Ал қалған 10% алтын мен ұқсас валюталық құралдарға бөлінген.

Атап кетерлік жайт, қазіргі таңда қарапайым тұрғындар да алтынды еркін түрде алып-сата алады. 2017 жылы Ұлттық банк тазартылған алтын құймаларын еркін саудасына рұқсат беретін бағдарламаны жасап шығарған еді. Алғашында аталған бағдарлама екінші деңгейлі банктер (Халық банк, Еуразиялық банк және Jysan Bank) арқылы жүзеге асырылса, ал 2018 жылдың қараша айынан бастап ақша айырбастау нүктелеріне бағалы металл құймаларын сату мүмкіндігі берілді.  Яғни, алтын инвестициясы қарапайым қазақстандықтар үшін қолжетімді үрдіске айналды.

Ұлттық банк мәліметіне сәйкес, қазіргі күні (17 ақпан күнгі бағам бойынша) 1 грамм алтын 19 116,30 теңгеге бағаланды. Тұрғындарға алтын бес түрде сатылады екен: 5, 10, 20, 50 және 100 грамм

алтын

Дегенмен бұл айтқанымыз ақша қорын алтын күйінде сақтау сенімді дегенді білдірмейді. Табысыңызды алтынмен сақтаған дұрыс па, әлде шетел валютасына аударған жөн бе? Stan.kz тілшісі қаржыгерлерге хабарласып, пікірлерін білді.

Қаржы саласының маманы, халықаралық брокерлік ұйымының сарапшысы Арман Бейсембаев ақшаны алтында инвестициялау қор жинаудың тиімді тәсілі болғанымен, ақшаңыз бола қалса, оның барлығына бас сауғалап алтын сатып алған дұрыс емес дейді. Ол қолыңыздағы қаражатты бір валютада не алтында сақтауға кеңес бермейді. Сарапшы бұл уақытта диверсификацияға көңіл бөлген жөн деп отыр. Өз пікірін маман қаржы саласындағы көрнекі мысалдармен түсіндіріп берді.

«Жалпы, менің ойым басқалардың пікірінен алшақтамайды деп айта аламын. Инвестицияны алтында сақтау белгілі бір алға қойылған мақсат болған кезде ғана ақталады. Мысал ретінде айтатын болсақ, инфляцияның не ақшаның құнсыздануынан осылайша қорғануға болады. Егер диверсификациялау жайлы айтатын болсақ, онда алтында қор сақтау өзін-өзі ақтап алады. Бірақ сіз алтын құймаларын я болмаса алтын сертификаттары мен монеталарын сатып алып сақтайтын болсаңыз, бұдан келіп кетер пайыздық кіріс жоқ екендігін ұмытпаңыз. Яғни сіз он мыңға алтын сатып алдыңыз делік, ол сол күйінде қалады, ешқандай өсім болмайды. Мемлекет қосылған құн салығын ұстап қалмаса тіптен жақсы. Бұл жағдайда сіз ешнәрсе жоғалтпайсыз. Сіздегі кіріс тек алтын бағамының өсуі ғана: арзанға сатып алдыңыз, қымбатқа саттыңыз. Алтынға инвестициялаудың тиімділігі міне осы», – дейді қаржы сарапшысы.

Дегенмен маман алтынның өз сұранысын жоғалтпайтындығын ескеріп өтті. Валюталарда қор сақтаудың жағымсыз тұсы олардың құнсыздануы болса, алтын кез-келген уақытта сатылып кетеді дейді ол.

«Біріншіден, алтын хеджерлеу тәсілі ретінде үнемі қолданылады. Бұл дегеніміз қаржы нарығында пайда болған қауіптерден сақтанудың бір түрі. Екіншіден, алтында сақтау диверсификациялау үшін де пайдаланылады. Алтын дағдарыс кезінде құндылығын жоғалтпайды. Мысалы, теңге өз құнын тұтастай жоғалтып, оны еш жерде қабылдамай қойды делік. Бірақ алтынмен бұлай болмайды. Немесе сіздің қолыңызда бір елдің валютасы жоқ дейік, егер сіз кез-келген жерге барып алтын ұсынсаңыз бағалы металлды қабылдайды. Бұл жағдай, әсіресе, мемлекеттерге пайдалы. Олар бекерден бекер алтын валюталы резервтерін сақтап отырған жоқ. Алтын – қор жинауға қажетті активтердің бірі. Мысалы, мемлекеттердің валюталық міндеттемесі импорт пен экспортқа жетпей қалып жатса, олар өздерінің алтын қорларын сата бастайды. Алтын әр кезде сатылып кетеді. Басқа тауарлармен олай жасай алмайсыз. Алтынды бидайға айырбастағыңыз келсе, бұл жүзеге асады. Әрине, алтынның бағасы ауыспалы: бірде түседі, бірде көтеріледі.  Бірақ ол ешқашан әлемдегі сұранысын жоғалтпайды», – дейді сарапшы.

«Ол – осындай бір құрал. Алдағы уақытта теңге мүлдем түсіп кетеді деген күмәніңіз болса, алтын сатып ала бастай берсеңіз болады. Мынандай жағдайды қарастырып көрейік: бір бөлке нан 10 000 теңгеге өсіп кетсін, ол кезде ақшаның құны болмайды. Бірақ сіз дүкенге барып, алтын ұсынсаңыз оны қабылдайды. Десек те айтып кеткенімдей, алтыннан пайыздық кіріс болмайды. Депозитке ақша салсаңыз, онда сіздің қаражатыңыз тұрақты пайызбен өсіп тұрады. Бірақ қордағы алтынға алтын қосылмайды», – дейді Арман Бейсембаев.

алтын

Сарапшы бүгінгі күні қазақстандықтардың алтында қор жинауы мемлекет тарапынан қолдауға ие дейді.

«Мемлекет халықтың алтын сатып алуына жағдай жасауда. Ақша айырбастау нүктелерінде алтын сатуға да рұқсат берілді. Осыған орай ақша айырбастау орындары белсенді түрде алтын сатуды қолға алды. Кейбір банктер арнайы инвестициялық алтын монета шығарып, оларды халыққа ұсынуда. Ал менің білуімше, тұрғындар бұл жағдайды ықыласпен қарсы алып, алтынның кез-келген түрін сатып алып жатыр. Бұл жағдай – өте қуантарлық. Бұрын алтын сатып алсаңыз, үстіне салық ұсталынатын еді. Бірақ қазір олай емес. Сіз алтынды еш салықсыз ала аласыз. Бұл, менің ойымша, халықты алтын сатып алуға тартатын ынталандырудың бірден бір мысалы», – деді сарапшы.

Қаржы маманы инвестициялау кезінде халыққа диверсификациялауға көңіл бөлген жөн дейді. Бұл кезде сіз қаражатыңыздың сақталуы жайлы уайымға берілмесеңіз де болады.

«Қор сақтағанда бір ережені есте сақтаған жөн: жұмыртқалардың барлығын бір себетке салып қоюдың қажеті жоқ. Яғни, қаражатыңызды барлығын долларға ауыстырып, не алтын сатып алуға болмайды. Өйткені сіз алда не боларын білмейсіз. Бір жағдай болса, сіз бар ақшаңыздан бір кезде айырылуыңыз мүмкін. Соңғы 30 жыл бойы доллардың қарқынды түрде өсуіне қарамастан, тұтастай ақшаны долларға айырбастап қоюға да болмайды. Сол себепті қаржыны диверсификациялауға кеңес беремін. Яғни ақшаны бөліп сақтаған дұрыс: үштен біріне алтын сатып алыңыз, тағы үштен бірін долларға айырбастаңыз, қалғанын теңгеде қалдырып қойыңыз. Теңге сіздің төлеміңізге қажетті қаражат. Тағы бір жартысын өзіңіз сенетін валютаға айырбастап қойыңыз, мейлі ол Қытай юані не британдық фунт болсын. Немесе мемлекеттің бағалы қағаздарын (облигация) және акцияларын сатып алып қойыңыз. Диверсификацияның түрлері өте көп. Алайда не болса да, ақшаны бір валютада сақтауға болмайды. Өзіңіздің капиталыңызды қорға салған кезде диверсификацияны ескеріңіз. Ал ақша сомасы неғұрлым көп болған сайын, диверсификация да мықты болуы шарт», – деп кеңес берді сарапшы.

Сонымен қатар қаржы сарапшысы жылжымайтын мүлік күйінде қор сақтау жайлы да айтып кетті. Басқаларымен салыстырғанда жылжымайтын мүлік ең сенімсіз актив құралы дейді ол.

«Біздің халық жылжымайтын мүлікті активтің бір түрі ретінде қабылдайтыны рас. Бірақ дағдарыс кезінде ол өз өтімділігін толығымен жоғалтады. Дағдарыс уақытында пәтеріңізді сатып көріңізші, бұл ойыңызды бірден жүзеге асыра алмайсыз. Егер сіз ақшаға бірден қол жеткізгіңіз келсе, жылжымайтын мүлік арқылы бұны іске асыра алмайсыз. Мысалға, бағалы қағаздарды, акция мен алтынды сатып, бірде ақшаға ие бола аласыз. Бірақ дағдарыс кезіңде халық абыр-сабыр болып жүргенде сіздің үйіңізді ешкім сатып алмайды. Жылжымайтын мүліктің бағасы үнемі көтеріліп отырады деген сенім, негізінен, қате пікір. Себебі ол құндылығын 80 , тіпті 90 пайызға дейін жоғалтататын қасиетке ие. Егер қазір пәтердің бағасы 10 000 АҚШ доллары тұрса, қаржы дағдарысы кезінде бұл баға 100 долларға дейін оңай түсіп кетеді. Қаржы тапшылығы кезінде бұл таңқаларлық жайт емес. 2008-2009 жылдарды еске алайық. Осы кезде үй бағасы қандай болып еді? Екі үш есе, үш есе түсіп кетті. Қанша адам зардап шекті десеңізші. Сол үшін жылжымайтын мүлікті инвестициялаудың бір түрі ретінде қарастыруға келмейді. Дегенмен жылжымайтын мүлік тұрақты кіріс көзі бола алады. Мысалы, сіз пәтеріңізді жалға бере аласыз. Үлкен ақша болмаса да, сіз тұрақты қаржы көзіне ие боласыз. Бірақ сіз үйді ақша керек болған жағдайда жылдам сатып жіберемін десеңіз, онда болмайды. Біреулер үйлерін жылдар бойы өткізе алмай жатады. Яғни жылжымайтын мүлікті өтімділік заты ретінде қарастыруға мүлдем келмейді. Ақшаны тез сатылатын және тез сатып алынатын заттарға құйған жөн», – деп қорытындылады сарапшы.

жылжымайтын мүлік

Диверсификация қор жинаудағы маңызды дүние екенін тағы бір сарапшы Атамұрат Шаменов те ескеріп өтті. Ол да «жұмыртқа себетін» мысалға келтіріп өтті.

«Алтынды жалпы диверсикацияның бір түрі ретінде қабылдауға болады ғой. Жалпы, артық ақша болсағ жұрттың қолынан келетіні – оны сақтау. Келешекте жақсы бір жерге салуға оны қайтып алуға болатындай деген сияқты. Оның енді қазіргі белгілі түрі біздегі валюталар: АҚШ доллары, еуро, теңге, рубль және т.б. Мысалы, былай түсіндіріп көрейін. Егер сіз бір алыс жерден көп жұмыртқа үйіңізге алмақшы болсаңыз, оны бір жерге салып алып баруға болмайды. Себебі сіз үйге барар жолда қай жерде тайып құлап қалатыныңызды білмейсіз. Сол себепті жұмыртқаңызды әр жерге салып апарған дұрыс: біреуін қорапқа, біреуін өз ыдысына, біреуін жәшікке. Яғни, диверсификация деген осы. Қаражатыңызды бір жерде, бір валютада сақтамау», – деді сарапшы.

Сөзінше, елдегі теңге жағдайы күмән туғызады екен.

«Өз басым, еліміздің патриоты бола тұра, ақшаңды теңгеге сал деп айта алмаймын. Өйткені Қазақстан экономикасының қарқынды өсіп келе жатқанынан қарамастан біраз нәрселер күмән туғызады. Менің күмәнім статистикалық мәліметтерге негізделген. Қаржы бағамының көрсеткіштеріне қарасақ белгілі бір дәлдіктің жоқтығын аңғаруға болады. Егер Қазақстан экономикасы жыл сайын он пайыздық өсіммен тұрақты түрде өсіп тұрса, теңгеге салыңдар, патриот болыңдар Қазақстанның экономикасын көтеруге ат салысыңдар де айтар едім», – деп қосты Атамұрат Шаменов.

Бұған қоса, қаржы маманы ақша сақтауда өзінің тәжірибесімен бөлісті. Ол қомақты қаражатыңыз болса, пайда әкелетін кәсіпке жұмсауға кеңес берді.

«Мен өз ақшамды доллармен сақтаймын. Айналымға түсетін ақшамды теңгемен жинаймын. Олардың бәрін депозиттерде ұстаймын. Ал енді біраз ақшам болып жатса, мен міндетті түрді оны инвестицияланып, ары қарай өсіп тұруы үшін салатын едім. Сондықтан қазір қала болсын, ауыл болсын тамақ өндірісі маңызды. Сол үшін айтарым кішігірім ақшаң болып жатса, осы тамақ өндірісіне жұмса деп айтатын едім. Есік алдына бақша егесің ба, жоқ әлде мал алсаң да, аз ақшаны соған салу керек. Ал енді көп ақшасы бар адамдарға айтарым мынау: өз басым ақшаң бола қалса мешіт салу дегенге қарсымын. Одан да балабақша салған дұрыс болар. Оған қоса бір жұмыс орны шығатын өндіріске жұмсау керек. Сонда ақшаң да жоғалмайды, басқа адамдар да жұмыс жасайды, солардың барлығының батасын аласың», – деп аяқтады сөзін экономист.

Алтын – инвестиция тауары. Ол инфляция мен ақшаның құнсыздануынан сақтайды. Бірақ солай екен деп, бар ақшаға алтын сатып алудың қажеті жоқ. Әр жайтқа байыппен қараған жөн дейді қаржыгерлер.

Ал алтын инвестициясына қазақстандықтардың бет бұра бастауы шетел валютасына отандастарымыздың күмәнмен қарауы деген сөз. Долларға да халық сене бермейтіндігін аңғартады. Енді бұрынғы уақыттарда ең сенімді валюта доллар деп. Теңгенің волатильді жағдайына қарамастан долларға салып қойсақ деп еді ғой. Қазір долларға салған тиімсіз. Пайыздық өсіміне байланысты. Сондықтан енді АҚШ-тың саясатына байланысты доллардың не болып кетерін де бір Құдай біледі. Біздің халықтың көзі ашық, сондықтан мына алтынның қалай да болса өз құнын жоғалтпайтынына байланысты бет бұрушылық орын алуда. Бұл жағдайға мен түсіністікпен қараймын.

Мемлекет тарапынан халық арасында алтынға деген сұранысты арттыру үшін бірқатар жағдайлар жасалуда. Бұл үшін алтын құймаларын еркін сатылымға жіберіп, азаматтарды ынталандыру мақсатында бірнеше бағдарламалар ұсынылған. Десек те сарапшылар инвестиция сақтауда тек бағалы металлға сенуге кенес бермейді. Қаржыгерлер қор сақтағанда да, мұқияттылықты жоғалтпау керек дейді. Себебі экономикалық жағдайдың тұрақсыздығы ертеңгі күні кімді де болмасын сан соқтыруы ғажап емес.

Дайындаған Дидар Халық

stan.kz