«Ақшаны ал да, бәрін ұмыт»: Зорландым деген медбике қолында дәлелі барын айтты — Қазақстан жаңалықтары

0

Шымкентте әріптес дәрігер жұмыс кабинетінде зорлады деп жанайқайын жеткізген медбике сот үкімімен келіспейді. Осыған орай жәбірленуші мен оны қорғауына алған «Не молчи.KZ» қозғалысының өкілдері баспасөз мәслихатын өткізіп, тың деректер бөлісті,  деп хабарлайды Stan.kz өңірдегі тілшісі. 

медбике

Ағымдағы жылдың сәуір айында орын алған оқиға бойынша медбике болған жағдайды айтып басшылықтан араша сұрапты. Алайда  «Не молчи.KZ» қозғалыс өкілдерінің айтуынша, ондағылар араша түсудің орнына, масқарамыз шығады деді ме, әйтеуір кейіннен полицияға шағым түсірген медбикені райынан қайтарып, ымыраға келуіне көндірмек болған.

«Сенім телефонына жәбірленуші хабарласып, өз оқиғасын айтып берген болатын. Оған көмек қажет екені айтпаса да түсінікті еді… Медбикені әріптестері мүмкіндігінше райынан қайтаруға тырысқан. Біздің қолымызда аурухана бас дәрігері орынбасарының аудиожазбасы бар. Онда «Ақшаны ал, саған пәтер алып береді. Онсыз да баспанаң жоқ, саған керек. Соны ал да бәрін ұмыт» деп айтылады», — деді қозғалыс көшбасшысы Дина Смаилова.

Жәбірленуші жалғызбасты келіншек бұған дейін дәрігер мен өзінің арасында қарым-қатынас болған деген әңгімені жоққа шығарды.

«Ол өтірік, біз тек әріптес болдық. Егер онымен расымен де кездесіп жүрген болсам, неге бұлай күллі жұрттың алдына шығамын? Телеарналарға шығып, жанайқайымды жеткізу маған да оңай тиіп жатқан жоқ… Рас, бұған дейін сөзбен тиісіп, «күйеуің жоқ, саған қарым-қатынас керек» деп қырындаған болатын. Мен үнемі бас тартып келдім. Содан «келесі жолы тағы қырындап тиіссең, басшылыққа айтамын дедім» деген жәбірленуші бір кабинетте жұмыс істеп келген әріптесінен азғындық көремін деп тіпті ойламағанын жеткізді. Өзіне тап берген ер азаматқа қарсылық танытқанымен, шамасы келмеген. Салдарынан жеңіл дене жарақатын алған.    

Тағы оқыңыз >>> Зорландым деген медбикенің әкесі: Кінәлі болмаса, неге кешірім сұрады (видео) 

«Болған оқиғадан қатты шок алдым, кімге айтарымды да білмедім. Сол күні бір әріптесіме хабарлама жіберіп, болған жағдайды қысқаша түсіндірдім. Ертеңіне келіп, басшылыққа айттым. Шынымды айтсам, жұмыс істейтін орнымның аты шықпасын, өзіме де зиян келмесін деп ойладым… Сот үкімімен келіспеймін», — деді медбике.

«Не молчи.KZ» қозғалысының көшбасышысы Дина Смаилова істің тергелуінде көптеген жайттың негізге алынбағанын айтып отыр. Сөзінше, сот-медициналық сараптама жасау кезінде де кемшіліктер болған.

«Айыпталушы алғашында тергеу кезінде жәбірленушімен бұған дейін жақын қарым-қатынаста болып келгенін, тек сол күні медбике өзімен жыныстық қатынасқа түсуден бас тартқанын айтқан. Бірақ, енді келіп соңында ақталып отыр. Ең түсініксіз болғаны, жәбірленушіні өзі жұмыс істейтін ауруханадағы травматолог пен гинеколог дәрігерлері қараған болып отыр. Яғни, ауруханадағылар өздері тексеруден өткізген. Бұл қалай сонда?» — деді Дина Смаилова.

Баспасөз мәслихатында белгілі болғаны, тергеу кезінде айыпталушы дәрігер өз кінәсін алғашында мойындаған.

Тіпті ол видеоға да түсірілген. Бірақ сотта дәрігер өз сөзінен бас тартып, оқиға орын алған күні мүлдем басқа жақта болғанын көрсеткен. Ал сот ісінде ол видео жазбалар негізге алынбаған.

Естеріңізге сала кетейік, көпті дүрліктірген  оқиға жәбірленушінің мәліметінше, ағымдағы жылдың 16 сәуірінде орын алған. Полицияға 18-і күні шағым түсірілген. Бірақ мамыр айында қылмыстық құрамның болмауына байланысты іс жабылды. Кейінірек медбикенің туыстары сотқа шағым түсірген соң іс қайта қаралды. Айыпталушы болса, сәуір айында ол ауруханадағы жұмысынан кетті.

Резонанс тудырған  оқиға араға тек бірнеше ай салып қана «Не молчи.KZ» қозғалысының араласуымен жалпақ жұртқа белгілі болды. Нефролог дәрігерге ҚК 120, 121-баптарының 1-бөлігі бойынша айып тағылды. Алайда 21 қазанда медицина қызметкері қылмыс жасауға қатысуы дәлелденбеуіне байланысты ақталып шыққаны хабарланды. Сот әлі заңды күшіне енген жоқ. 

stan.kz