Ақшамды сұрап едім, ұрып-соқты: Алматы облысында әкім мен көпбалалы отбасы соттасып жатыр — Қазақстан жаңалықтары

0

Алматы облысында ауыл округінің жетекшісі көпбалалы отбасымен соттасып жатыр. Отбасының айтуынша, отағасына әкім уақытша жұмыс ұсынып, кейін ақысын төлемеген. 

Ақшамды сұрап едім, ұрып-соқты: Алматы облысында әкім мен көпбалалы отбасы соттасып жатыр

Ал, шенеунік өзіне жала жабылғанын айтып, ол да полицияға шағым түсірді. Бұл туралы Евразия бірінші арнасы хабарлайды.

Шырғанақ ауылынынң тұрғыны, көпбалалы ана Қоңырат Шоранова екі жылдан бері тыныш ұйықтай алмай жүр. Жергілікті әкімдікпен сот дауы аяқталар емес. Айтуынша, жолдасы Бақытжан Күлбеков әкімдіктің күзетшісі болып қызмет еткен. Жаз айында әкім өз үйінде мал бағып беруді өтініпті. Оған келіскен отағасы жаз бойы тауда мал баққан. Алайда ақысын алмаған. 

«Әкім Оразбай Бекбатыров өз қолымен күйеуімнің атынан жаздық демалысқа шығуға өтініш жазғаға ұқсайды. Күйеуім ешқандай өтініш жазған емес. Ешқандай демалыс ақысын да алған жоқ», — дейді әйелі Қоңырат Шоранова.

Ол пошташы болып қызмет етеді. Алатын айлығы 15-20 мың теңге. Бұған бес баланы бағу мүмкін емес. 

«Ақшамды сұрағанда ұлы сыртқа шығарып алып мені ұрды. Қолы ұзын екенін айтты. Кейін өз еркіммен жұмыстан кетем деп арыз жаз деді», — дейді Бақытжан Күлбеков.

БАҚ араласқан соң бұл дау басылып қалған еді. Бақытжан Күлбековті әкім қайта жұмысқа алды. Алайда осы жылдың қаңтар айында әкім өзіне жала жабылғанын айтып сотқа өзі шағымданды. 

Әкім көпбалалы отбасының отағасы мен әйелі жала жапты және жалған ақпарат таратты деп шағымданды. Іс әлі де қаралып жатыр. Сот отырысында шенеунікті жақтап шыққан тұрғындар бар. Олар көпбалалы отбасын ауылдан қуып шығуды ұсынды. Шенеунік мұның заңмен қаралатынын айтты. 

Алайда заңгерлер көпбалалы отбасын ешкімнің қуа алмайтынын айтуда. 

Әкім мен көпбалалы отбасының дауы немен аяқталары белгісіз. Әкімнің өзі пікір білдіруден бас тартты. 

stan.kz