ақша мен уақытты босқа жұмсауды доғару керек

0

Президент бизнес пен мемлекет арасындағы қарым-қатынас толығымен цифрлық форматқа ауысатынын атап өтті

НҰР-СҰЛТАН, 11 мамыр – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметкерлерден жұмыс процесіндегі қажетсіз жиындар мен келісімдерден бас тартуды талап етті. Бұл туралы президент мемлекеттік комиссияның отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Ақордаға сілтеме жасап. 

Тоқаев елдің стратегиялық жоспарының маңызды бағыты мемлекеттік басқару жүйесін өзгерту екенін атап өтті. 

«Қашықтан жұмыс істеу форматы маңызды мемлекеттік шешімдерді қабылдау кезінде заманауи технологияларды қолдануға сұраныс барын көрсетті. Үкімет, министрліктер, әкімдіктердің отырыстары мен жиналыстарын барынша қашықтан өткізуді ұсынамын», — деді президент. 

Президент жұмыс процесінде керексіз процедураларды алып тастауды талап етті. 

«Қажетсіз процедураларды, келісімдер мен жиналыстарды, уақыт пен ақшаны босқа жұмсауды тоқтату керек. Шешімді жылдам қабылдап, ең бастысы, оны орындау қажет», — деді мемлекет басшысы. 

Тоқаев ахуалдың өзгеруіне қарай тез шешім қабылдайтын тиімді әрі ықшам мемлекеттік аппарат қажет екенін қадап айтты. 

Сонымен қатар, оның сөзінше, мемлекеттік даму институттарын реформалау жалғасады. 

Президент бірқатар функциялардың қайталануы, одан әрі жекешелендіру, отандық кәсіпкерлердің квазимемлекеттік сектор сатып алуларына қолжетімділігі мәселелерін соңына дейін шешуді тапсырды. 

«Консультация, анықтама алу, өтініш беру бойынша операцияларды толығымен онлайн режимге шығару қажет. Ал «egov» тілін халыққа қарапайым әрі түсінікті ету керек», — деді Тоқаев. 

Президент бизнес пен мемлекет арасындағы қарым-қатынас толығымен цифрлық форматқа ауысатынын атап өтті.

 



sputniknews.kz