АҚШ Венесуэладағы жағдайды БҰҰ-да талқылауды ұсынды

0
153

АҚШ Венесуэладағы дағдарысқа байланысты 26 қаңтарда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізуді сұрады.

Соңғы күндері Венесуэлада өтіп жатқан наразылық шерулерінде кем дегенде 14 адам қаза тауып, 300-ден астамы қамауға алынған. 23 қаңтарда ел астанасы Каракаста ондаған мың адам көшеге шықты. Митингке шыққандар президент Николас Мадуроның отставкаға кетуін талап етіп жатыр.

Демонстрациялар парламент спикері Хуан Гуайдо өзін уақытша президент деп жариялағаннан кейін басталды. Оның бұл шешімін АҚШ, Канада және Латын Американың бірқатар елі қолдап отыр. Гуайдо Николас Мадуроның озбырлығын тоқтатуға және уақытша үкімет құрып, президент сайлауын өткізуге уәде берді. Ол Венесуэла әскерилерін өзін қолдауға шақырғанымен, әскерилер оны қолдаудан бас тартты.

Президент Николас Мадуро оппозицияны мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды деп, ал АҚШ-ты төңкеріс жасауға көмектесті деп айыптады.

Ал Ресей Венесуэлада былтыр қайта сайланған президент Николас Мадуроға қолдау көрсетіп отыр. 24 қаңтарда Николас Мадуро Ресей президент Владимир Путинмен телефонмен сөйлескен. Сөйлесу барысында Путин «Венесуэлаға сыртқы күштер килігіп», халықаралық құқықтарды бұзып отыр деген.

Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Венесуэладағы жағдайды «билікті басып алуға әрекеттену» деп атады. Оның сөзінше, Мадуро әзірге материалдық немесе әскери көмек сұрамаған.

Мадуроны Ресейден басқа Түркия, Иран, Мексика, Куба және Боливия қолдап отыр.

БҰҰ Бас хатшысы Венесуэладағы саяси дағдарысты диалог арқылы шешуге шақырды. Ал Еуропа одағы мәлімдемесінде Каракас азаматтардың бейбіт жиын өткізу құқығын құрметтеу керегін мәлімдеді. Брюссель Венесуэланы демократиялық сайлау өткізуге үндеді.

Николас Мадуро Венесуэланы 2013 жылдан бері басқарады. Ол бұрынғы басшы Уго Чавестің өлімінен кейін сайлауда жеңіске жеткен. Мадуроны құқық қорғаушылар демократиялық құндылықтар мен адам құқықтарын бұзып отыр деп сынайды. Венесуэла қазір ауыр экономикалық дағдарысты бастан өткеріп жатыр. 2018 жылы инфляция деңгейі бір миллион пайыздан асқан. Дағдарыс салдарынан Венесуэладан үш миллион адам көшіп кеткен.

Каракастағы наразылық шеруі (23 қаңтар 2019 жыл):

Дереккөз: Азаттық