АҚШ Украинаға қару сақтайтын қойма салуға көмектеседі
АҚШ пен Украина Вашингтонның Киевке қару-жарақты сақтауға көмек беруі жайлы меморандумға қол қойды. Құжатта АҚШ-тың Украинада әскери қойма салуға кем дегенде 4 миллион доллар бөлетіні айталады. Бұл туралы 25 маусымда АҚШ мемлекеттік хатшысы хабарлады.
Қаржы Украинаның қорғаныс министрлігіне екі жылда алты қару қоймасын салуға беріледі.
Құжатқа Украина сыртқы істер министрлігі халықаралық қауіпсіздік департаментінің директоры Руслан Нимчинский мен АҚШ мемлекеттік хатшысының әскери және саяси мәселелер бойынша көмекшісі Кларк Купер қол қойған. Рәсімге Украинаның АҚШ-тағы елшісі Валерия Чалого қатысты деп хабарлайді Украина елшілігі.
АҚШ мемлекеттік департаментінің хабарлауынша, жоба «Украинадағы әскери қоймалар қауіпсіздігін арттырып, Украинаның НАТО стандарттары мен халықаралық қауіпсіздік және қаруды басқару талаптарына сай болуына септеседі».
АҚШ дәстүрлі қаруды жою бағдарламасы аясында Украинаны қолдау үшін 2004-2018 жылдары 40 миллион доллардан аса қаржы құйған.
Соңғы жылдары Украинадағы қару қоймаларында бірнеше жарылыс болған. Былтыр қазанда Ичня қаласындағы әскери қоймада жарылыс болып, 12 мыңға жуық адам қауіпсіз жерге көшірілген.
Оқи отырыңыз: Қаңыраған қала, қираған ғимараттар һәм күшейген күзет
Қару-жарақ сақтау мәселесі Қазақстанда да бар. 24 маусымда Түркістан облысы Арыс қаласында 90 тоннаға жуық артиллериялық оқ-дәрі сақтаулы тұрған қоймадан өрт шығып, старядтар атылған. Аймақта төтенше жағдай жарияланып, 45 мыңнан аса тұрғын эвакуацияланды. Қазір қалада саперлар жұмыс істеп жатыр. Қазақстан үкіметінің дерегінше, үш адам қаза тауып, 350-ден аса адам хабар-ошарсыз кеткен. Екі жүзге тарта адам дәрігер көмегіне жүгінген.