АҚШ-тың Ресейдегі елшісі Джон Хантсман отставкаға кетпек
АҚШ-тың Ресейдегі елшісі Джон Хантсман отставкаға кететінін мәлімдеді. Ол Мәскеудегі қызметін 3 қазанда аяқтауы мүмкін.
Джон Хантсман АҚШ президенті Дональд Трампқа қызметтен босатуды сұрап хат жазды. Америкалық басылымдар жариялаған елші хатында «дипломаттарды қызмет істеп жатқан елден себепсіз қуылғаны, жұмыстарына көп кедергі болғаны» айтылған.
«Бізге және біздің одақтастарымызға қауіп төндіретін Ресейдің әр әрекетіне жауап беруіміз керек» деп жазды Хантсман Трампқа хатында.
Хантсман АҚШ-тың Ресейдегі елшілігін соңғы екі жыл бойы басқарып келді. Ол елші болған тұста Мәскеу америкалық ондаған дипломатты елден шығарып, АҚШ-тың Санкт-Петербургтегі бас консулдығын жапты. Ресей билігі бірнеше америкалықты ұстады.
Хантсманның отставкаға кететіні жайлы бұған дейін айтыла бастаған. Кейбір дереккөздердің сөзінше, ол алдағы уақытта Юта штатының губернаторлығына таласпақ. Хантсман 2005-2009 жылдары Юта штатының губернаторы болған. Кейін АҚШ-тың сол кездегі президенті Барак Обама оны Қытайдағы елші қызметіне тағайындады. 2016 жылы Хантсман Республикалық партия атынан президенттікке кандидатурасын ұсынғанымен, көпшіліктің қолдауына ие бола алмады.
Хантсманның орнына АҚШ-тың Ресейдегі елшілігіне кім баратыны әлі белгісіз.