АҚШ-тың Қытайға бағыттаған стратегиясының жылдық есебі: Шиеленістер шешім таба ма?

0
67

АҚШ пен Қытай стратегиялық бәсекелестік қарым-қатынас кезеңіне өткені туралы айтылып келеді. Маусым айында басталған сауда қақтығысы екі ел арасындағы қайшылықты өршіте түсті. Бұған қоса АҚШ пен Қытай Үнді-Тынық мұхит суларындағы ырықтылық үшін күресте де бір-біріне жол берісер емес. Жақында өткен авиация көрмесінде Қытай өзінің ең соңғы үлгідегі әскери ұшағын әлемге жария етті. Қазірге дейін АҚШ-тың әскери шығындары әлемнің алдында болғанымен, Қытайдың да қорғаныс бюджеті таңғаларлық деңгейде өсіп келеді. Бұның өзі де державалар арасындағы тартыстың тереңдей түскенін көрсеткендей.

Биыл маусым айында АҚШ қытайлық тауарларға қосымша салық енгізді, Қытай билігі де бұған ұқсас жауап қайтарды. Трамп үкіметі мәлімдеме жасап, Америка Құрама Штаттарының басымдықтарын жүзеге асыру үшін Қытаймен экономикалық және стратегиялық қарым-қатынасты қайта құруға тырысатынын мәлімдеді. АҚШ басылымдары Трамп әкімшілігінің 2018 жылдағы Қытайға бағыттаған стратегиясының жылдық есебін жария етті.

Стокгольмдегі (Швеция) Халықаралық бейбітшілік зерттеу институтының зерттеушісі Тян Нан Қытайдың жыл сайын өсіп келе жатқан қорғаныс шығындарына назар аударуға шақырады. Ол: «Қытайдың әскери шығындары 29 жыл бойы қатарынан өсіп келеді. Қазірдің өзінде Қытай 228 млрд АҚШ долларын әскери салаға жұмсап отыр», – деді.

Ақ үй тізгінін алғаш ұстаған кезде президент Трамп төраға Ши Жинпиңмен қарым-қатынасты жақсарту арқылы Солтүстік Корея ядролық мәселесін шешуге тырысты. Ал, Сингапурдағы Трамп-Ким тарихи кездесуінен бірнеше апта өткенде Құрама Штат тарабы Қытайдың әділетсіз сауда саясатын және зияткерлік меншік құқығын ұрлау ісімен айыптап, алғаш рет қытайлық тауарларға қосымша кеден салығын енгізді. Бұған Қытай тарабы ұқсас жауап қайтарды.

Алайда, Құрама Штаттағы Стратегиялық және халықаралық қатынастарды зерттеу орталығының зерттеушісі Гелайидің айтуынша биылғы екі ел қарым-қатынасының негізі сауда байланыстарына шоғырланды. Демек, сауда екі ел қатынасының болашағын да көрсететінін айтады. Ол және болашақта екі ел қатынасы күрделі қайшылыққа ұласуы екіталай деп қарайды.

Биыл АҚШ пен Қытай арасында Оңтүстік Қытай теңізі мәселесіне байланысты да қайшылықтар аз болмады. Айталық, екі елдің әскери кемелері аталған теңіз айдынында қақтығысып қала жаздады.

АҚШ-тың Бейбітшілік зерттеу орталығы өкілдерінің айтуынша, Қытайдың артып келе жатқан әскери қуаты Құрама Штаттарды шынымен де алаңдатады. Әсіресе, қандай да бір дағдарыс жағдайында Қытай өзінің қуатты әскери күшімен өңірде қандай әрекеттерге баратынына көбірек назар аударып отыр.

Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» стратегиясы да АҚШ-ты алаңдатады. Қытай үкіметі әлемнің 70-ке жуық елін байланыстыратын жобаға 1 трлн АҚШ долларын бөліп отыр. Бұдан тыс Қытай бұл арқылы әлемнің 62 пайз халқына ықпалын жеткізе алады. «Бір белдеу, бір жол» жобасы қамтыған елдердің көзқарасы да бірдей емес. Айталық, Тайланд азаматтары ендігі сауда-саттық тікелей Қытайға байланысты болғандықтан, екі елдің дұрыс мәмілені сақтауын қалайды. Ал, Вьетнам тұрғындары «қытайлықтардың күн санап көбеюі агрессияға ұқсайды» деп қауіптенеді.

Ағымдағы жылдың қазан айында Құрама Штат өзінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында, әрі «Бір белдеу, бір жол» жобасына, жоба аясындағы дамушы елдерге берілген қаржылай көмектерге балама ретінде өз шарасын қабылдады. Айталық, АҚШ үкіметі жаңа мекеме құрып, оған 60 млрд АҚШ долларын аударды және бұл қаржымен дамушы елдердегі жобаларға кредит беретінін жеткізді.

Осымен қатар, қазан айында АҚШ вице-президенті Майк Пенс Бейжің билігін АҚШ-тың ішкі ісіне, демократиялық жүйесіне араласуға тырысты деп айыптады. Сондай-ақ, Қытайға қарата Трамп үкіметі жаңа стратегияны қабылдағанын жария етті. Майк Пенс Құрама Штаттың Қытаймен жаңа экономикалық және стратегиялық қатынас орнататынын және АҚШ басымдығын басты орынға қоятынын білдірді Осыдан бастап АҚШ-Қытай қатынасы тіпті де шиеленісе түсті.

Трамп пен Ши Жирнпиң Аргентинада G20 саммитінде кездесіп, сауда соғысын тоқтату туралы келіссөздер жүргізді. Келісім бойынша тараптар 90 күн ішінде сауда келісімін жасасу керек, шекті мерзім ішінде келісімге келе алмаса АҚШ бастап қосымша кеден салығын 25 пайызға дейін көтермек.

Бұл кездесуден кейін Бейжің тарабы АҚШ-тан кіретін автокөлік және бөлшектерінің импортына тарифтерді төмендетті. Алайда, желтоқсан айының орта шенінде Қытай тарабы ымыраға келмейтінін байқатты. Ал, АҚШ үкіметі сауда келіссөздері жүргізіліп жатса да Қытай тарабының технологиялар көшбасшылығын қолға келтіру мақсатында хакерлік шабуылдар ұйымдастырғанын айыптады. Осыған қарай отырып, сарапшылар АҚШ алдағы жылда да Қытайға бағыттаған қысымын азайту ниеті жоқ деген қорытынды айтады.

“The Qazaq Times”