АҚШ-тың ірі ет өндіруші компаниясы Қазақстан нарығына кіруі мүмкін

0

Ет өндірумен айналысатын ірі америкалық Tyson Foods компаниясы шетелде жұмыс істеу жоспары аясында Қазақстан нарығына кіру мәселесін қарастырып жатқандарын хабарлады.

«Қазақстанды көрдік. Ел ішінде азық-түлік өндірісімен айналысуға кіріссек деп отырмыз. Алайда әзірге жобаларымыздың жоспарын бекітпедік» деп жазған компанияның баспасөз хатшысы Лиз Кростон 23 мамырда Азаттыққа жолдаған хатында.

Арканзас штатында құрылған компания сиыр, шошқа, құс еттері мен жартылай дайын өнімдерді шығарады. Өнімдерін экспортқа да әзірлейді.

Кростонның сөзінше, Tyson Foods-тың құс етін өндірумен айналысатын еншілес Cobb-Vantress компаниясы Ресейде жұмыс істейді. Бірақ Батыс Еуропа мен СССР-ға мүше болған республикалар аумағында Tyson Foods-қа тиесілі өндіріс орындары жоқ.

23 мамырда британдық Financial Times газеті Tyson Foods компаниясының Қытайға экспорттау үшін Қазақстанда сиыр еті өндірісіне миллардтаған инвестиция құю мәселесі бойынша келіссөз жүргізіп жатқанын хабарлаған.

АҚШ-тың Қытайға салған қосымша баж салығына қарымта ретінде 2018 жылы шілдеде Пекин Америкадан келетін сиыр етіне қосымша 25 пайыздық тариф енгізген.

Қазақстан әлем бойынша ірі бидай өндірушілердің бірі және елде ірі-қара жаюға жарайтын миллиондаған гектар жер бар. Financial Times газетінің жазуынша, Қазақстан ауыл шаруашылығындағы ескірген технология егін өнімділігінің төмен, мал шаруашылығының дамыған елдермен салыстырғанда тиімсіз болуына себеп болып отыр.

Azattyq