АҚШ-тың «ИМ» тобымен күрес жөніндегі өкілі отставкаға кетті

0

АҚШ-тың «Ислам мемлекеті» экстремистік тобымен күрес жөніндегі арнайы өкілі Бретт Макгурк қызметінен кетті. Бұл туралы сенбі күні дереккөздеріне сілтеме жасап, америкалық басылымдар хабарлады.

Associated Press агенттігінің дерегінше, АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның атына жазған хатында Макгурк президент Дональд Трамптың Сириядан жақын арада америкалық әскерді шығару туралы шешімімен келіспейтінін айтқан.

Бретт Макгурк 2015 жылы, АҚШ-тың сол кездегі президенті Барак Обаманың тұсында тағайындалған бұл қызметтен 2019 жылы ақпанда кетпекші болған, алайда Трамппен келіспеушілікке байланысты ол биылғы желтоқсанның 31-іне дейін кетуді ұйғарған. Отставка туралы хатында Макгурк Сирия территориясында террористердің ауыр жеңіліске ұшырағанымен, олардың әлі түбегейлі талқандалмағанын, сондықтан ол елден америкалық әскерді шығару асығыстық болатынын айтқан.

Президент Трамп бұл мәселеге қатысты өзгеше пікірде. Желтоқсанның 22-і күні ол осыдан бірнеше күн бұрын жариялаған шешімін қорғап пікір білдірді. «ИМ» тобы тұтастай алғанда жеңілді және енді оның қалдығын Түркияны қоса алғанда аймақтағы басқа елдер еш қиындықсыз жеңеді. Біз үйге қайтамыз!» – деп жазды Трамп Twitter әлеуметтік желісінде.

Бұған дейін Трамп Сирияда ИМ тобына қарсы күрес жүргізіп жатқан қарулы күрд және араб жасағымен бір альянстағы екі мыңға жуық америкалық әскерді ол елден шығаратыны туралы шешім қабылдағанын жария еткеннен кейін АҚШ қорғаныс министрі Джеймс Мэттис отставкаға кететінін мәлімдеген.

Оқи отырыңыз: Пентагон басшысы отставкаға кететінін мәлімдеді

Сириядағы АҚШ әскерінің үлкен бөлігі елдің солтүстік-шығысында орналасқан. Америкалық әскерилер осы аудандарда «Ислам мемлекеті» тобынан азат етуге болысқан.

Дереккөз: Азаттық