АҚШ-тың әуе компанияларына Иран мен Ирак төбесінен ұшуға тыйым салынды

0

АҚШ-та тіркелген барлық әуе компанияларына Иран, Ирак және Оман шығанағының әуе кеңістігінен ұшуға тыйым салынды. АҚШ-тың федералдық авиация әкімшілігі таратқан мәлімдемеде тыйымның «Таяу Шығыстағы саяси жағдайдың ушығуымен байланысты» екені айтылған.

«АҚШ федералдық авиация әкімшілігі Таяу Шығыстағы жағдайды әрі қарай да мұқият бақылай береді» делінген мәлімдемеде.

8 қаңтарда Иран АҚШ-тың Ирактағы кемінде екі әскери базасын ондаған зымыранмен атқылады. АҚШ-тың федералдық авиация әкімшілігі шабуыл туралы ақпарат шыққан соң бірнеше сағаттан кейін осындай мәлімдемені таратты.

АҚШ президенті Дональд Трамп шабуылдан кейін зардап көлемі анықталып жатыр, әзірге «бәрі жақсы» деп жазды.

«Бәрі жақсы! Ираннан Ирактағы екі әскери базаға қарай зымырандар жіберілді. Қазір құрбандар саны мен шығын көлемі анықталып жатыр. Ертең таңертең мәлімдеме таратамын» деп жазды.

Ислам революциясы корпусының «Құдс күштері» арнайы жасағының қолбасшысы Сүлеймани 3 қаңтарда Бағдаттағы АҚШ-тың әуе шабуылы кезінде мерт болған. Оны өлтіруге АҚШ президенті Дональд Трамп тікелей бұйрық берген. «Құдс күштері» Иранның сырттағы әскери операцияларына қатысқан.

Тегеран «Сүлейманиді өлтірген АҚШ-тан кек алатынын» мәлімдеген. АҚШ президенті Дональд Трамп та «Тегеран шабуыл жасаса, Иранның 52 орнын бомбалайтынын» айтқан.

Оқи отырыңыз: АҚШ-Иран жанжалы Каспий аймағына әсер ете ме?

Azattyq