АҚШ Түркияны F-15 бағдарламасынан шығарып тастамақ
АҚШ Түркияны Ресейден С-400 зенитті зымыран кешенін сатып алғаны үшін америкалық F-35 көзге түспестей жылдам жойғыш ұшағын сату бағдарламасынан шығаратынын мәлімдеді.
Ақ үй 17 шілде күні жариялаған мәлімдемеде Анкараның ресейлік әуе қорғанысы қаруын сатып алған соң «F-35 бағдарламасына ары қарай қатыса беруі мүмкін болмай қалатыны» жазылған.
Ақ үй Түркияның F-35 бағдарламасынан шығарылатынын анық айтпаса да, Пентагон бұл ақпаратты растады.
— АҚШ пен өзге де F-35 [бағдарламасына қатысушы] әріптестер Түркияның бұл бағдарламаға қатысуын тоқтатып, ресми түрде шығарып тастау процедурасын бастау туралы шешімге тоқтады, — деді АҚШ-тың қорғаныс вице-министрі Эллен Лорд.
Түркия АҚШ-тың санкция салу туралы ескертуіне қарамастан 12 шілде күні С-400 кешенінің үш бөлігін, 13 шілдеде төртіншісін Ресейден қабылдап алған.
Анкара F-35 жойғыш ұшағының кейбір бөлшектерін жасап келген, Вашингтон енді басқа тапсырыс жеткізуші іздемек.
16 шілде күні президент Дональд Трамп С-400 сатып алған Түркияға ендігәрі F-35 сатылмайтынын айтқан.
АҚШ Түркияға экономикалық санкция салу-салмау туралы шешімін әлі жариялаған жоқ.