АҚШ-та жүргізуші жүк көлігімен адамдарды басып, оқ жаудырған: 10 кісі қаза тапты
Жүк көлігінің жүргізушісі АҚШ-тың Жаңа Орлеан қаласында адамдарды басып кетіп, оқ жаудырды. Жаралылар мен қаза тапқандар бар, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Оқиға кезінде кемі 10 адам қаза болып, 30-дан астамы жарақат алған. Жаңа Орлеан полициясының бастығы Энн Киркпатрик ер адам қорғаныс қоршауларынан бұзып өтіп, Бурбон көшесінде қылмыс жасаған.
– Бұл адам мүмкіндігінше көп адамды өлтіруге тырысты, – деді Киркпатрик.
Жүк көлігінің жүргізушісі полиция қызметкерлерімен атысқан. Соның салдарынан екі тәртіп сақшысы жарақат алды, олардың жағдайы тұрақты.
Қылмыс орнында жарылғыш құрылғыларға ұқсас заттар да табылған.
Мэр Латоя Кантрелл бұл оқиғаны «террористік шабуыл» деп атады.
Көлік жүргізушісі туралы деректер әлі хабарланған жоқ.