АҚШ-та Трампты ұлықтауға қатысқан украиналықтарды тексеріп жатыр

0

АҚШ-та 2016 жылы өткен президент сайлауына Ресейдің ықтимал килігуін тергейтін прокурор Роберт Мюллер президент Дональд Трампты ұлықтау салтанатына украиналық саясаткерлер мен бизнесмендердің қатысқанын тексере бастады. New York Times газетінің жазуынша, прокурорлар куәгерлерден Украина азаматтарының Трампты ұлықтау салтанатына қатысуға қалай шақырылғаны, АҚШ-та кіммен кездесіп, нені талқылағаны туралы сұраған.

Басылым дерегінше, 2017 жылы 20 қаңтарда өткен Трампты ұлықтауға украиналық ондаған саясаткер мен бизнесмен қатысқан. Прокурорлар ұлықтауға қатысқан украиналықтардың біразы Мәскеу мүддесін қорғап, Ресейге салған санкцияны жойдыруға жұмыс істеп жүрген болуы мүмкін деп болжайды. New York Times мәліметінше, олардың кейбірі конгресстегі ықпалды республикашылдармен және Трамптың жақын серіктерімен кездесулер ұйымдастырған.

Бірер күн бұрын CNN телеарнасы өз дереккөзіне сілтеме жасап, украиналық олигархтар Ринат Ахметов пен Сергей Левочкиннің Трамптың сайлауалды штабының бұрынғы басшысы Пол Манафорттан АҚШ-тағы 2016 жылғы сайлауалды кампаниясы кезінде әлеуметтік сауалнама нәтижелерін алған болуы мүмкін екенін хабарлаған. Сауалнама нәтижелерін оларға Манафорттың бизнестегі серіктесі, Кремльге жақын адам саналатын Константин Килимник берген. Килимникке сыртынан Ресейдің АҚШ президенті сайлауына килігуі ісі бойынша айып тағылған.

Арнайы прокурор Роберт Мюллер бастаған комиссия Ресейдің АҚШ-тағы 2016 жылы өткен президент сайлауына ықтимал килігуін бір жарым жылдан бері тексеріп жатыр. Бұл іс бойынша Трамп штабының бұрынғы бірнеше қызметкері ендігі сотталып кетті. Сонымен қатар Ресей әскери барлауы мен «тролльдер фабрикасы» деп аталып кеткен ресейлік «Интернетті зертттеу агенттігінің» бірнеше қызметкеріне сырттай айып тағылған. Әзірге күдікті америкалықтардың ешқайсысына Ресеймен астыртын сөз байласу туралы айып тағылған жоқ. Президент Дональд Трамп Мюллердің тергеуін «мыстан аулау» науқаны деп сынайды. Мәскеу АҚШ-тағы сайлауға киліккенін жоққа шығарады.

Дереккөз: Азаттық