АҚШ-та ресейлік FaceApp қосымшасының қауіпті екенін айтты
Ресейде жасалған FaceApp қосымшасы АҚШ ұлттық қауіпсіздігі мен жеке қолданушылардың деректеріне қауіп төндіруі мүмкін. АҚШ сенатындағы демократтар жетекшісі Чак Шумер осылай деп мәлімдеді.
Ол қосымшаны тексеру жайлы Федералдық тергеу бюросына хат жолдаған. Сенатордың пікірінше, қосымшаны қолданған азаматтар суреттерін қолдануға «толық әрі сөзсіз» рұқсат береді. Ал ол деректер алдағы уақытта сурет авторларының келісімінсіз де қолданылуы мүмкін.
«АҚШ азаматтарының жеке деректері киберкеңістікте АҚШ-қа қарсы қастық әрекеттерімен танымал болған өзге шетелдік державаға берілсе, оның салдары ауыр болады» деді Шумер.
Ал қосымша жасаушы ресейлік компания өкілдері суреттердің басым бөлігі серверден 48 сағат ішінде өшірілетінін мәлімдеп, қосымшаның қауіпсіз екенін айтады. Олар қолданушылар мәліметі бөтен адамдарға не ұйымдарға берілмейді дейді.
FaceApp қосымшасы 2017 жылы пайда болған. Жасанды интеллектіге негізделіп жасалған қосымша қолданушыларға суреттерін өзгертуге мүмкіндік береді. Қосымшада қартайтып көрсету, күлімсіреу, шаш түсін өзгерту, басқа жыныс өкілі қылып көрсету сияқты функциялар бар.