АҚШ-та оқ атылып, жаппай наразылық басталды: Трамп аккаунттары бұғатталды

0
474

Бүгін АҚШ астанасы Вашингтонда жаппай толқу басталды, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Қалада төтенше жағдай жарияланды. Конгресстің Сенат және Өкілдер палатасының біріккен отырысында 50 штаттың атынан келген дауыс берушілер алқасы президенттік сайлаудың қорытындысын жариялау керек болатын. Алайда Дональд Трамптың сайлау қорытындысымен келіспеген мыңдаған жақтаушылары Капитолиге бет алып, ғимаратты басып алды.

Нәтижесінде дауыстарды санау тоқтатылып, Конгресс мүшелері эвакуацияланды. Вирджиния губернаторы Ұлттық гвардияның 200 әскерін жұмылдыруды тапсырды. Ашуға булыққан жұрт пен полиция арасында қақтығыс болып, бір адамға оқ атылды. Жарақат алғандар да тіркелді. Осы орайда АҚШ- тың жаңадан сайланған президенті Джо Байден тәртіпсіздіктерге қатысты пікірін білдірді.

– Капитолиде болып жатқан тәртіпсіздіктер АҚШ-тың шынайы көрінісі емес. Біз осыншалықты төмен деңгейге түскеніміз бе? Дәл қазір біздің демократиямыз үшін қауіп-қатер төніп тұр. Бұл жай ғана хаос, бұл қылмыс. Дәл қазір бізге бүкіл әлем қарап отыр. Біздің демократиямыз осындай төмен деңгейге жетті. Бірақ біз бұл қиындықтан да өтеміз. Біздің келесі төрт жылдағы жұмысымыз да осыған бағытталады, – деді Байден.

Естеріңізге салайық, Ақ үйдің қазіргі басшысы Дональд Трамп сайлау қорытындысымен келіспейтіндігін алға тартып, өз жақтастарын наразылық шарасына қатысуға шақырған еді. Алайда бүгінгі тәртіпсіздіктердің шектен шығуына байланысты, халықты ақылға келуіне шақырды.

– Құрметті отандастар, бұл сайлаудың әділетсіз өткені рас, бірақ дәл қазір бізге тыныштық қажет. Бізге бейбіт өмір керек. Сол себепті барлықтарыңыздан сұрайтыным, тәртіпсіздіктерді доғарып, үйлеріңізге қайтыңыздар. Сіздердің дәл қазір қандай сезімде екендеріңізді білемін. Бірақ тіртіпсіздік арқылы ешнәрсе өзгермейді, – деді Трамп.

1$, 5$, 10$ ... Тәуелсіз KzNews жобасына қолдау көрсету