АҚШ-та коронавирус жұққан адам қайтыс болды
АҚШ-та коронавирусқа байланысты алғашқы өлім тіркелді. 29 ақпанда қауіпті вирустан Вашингтон штатының бір тұрғыны көз жұмды. Ақ үйдегі брифинг кезінде АҚШ президенті Дональд Трамп бір әйел көз жұмды деді, алайда кейінірек денсаулық сақтау министрлігі президентке қате ақпарат жеткізілгенін айтып, ер адам қайтыс болды деп мәлімдеді.
1 наурыз күнгі дерек бойынша АҚШ-та коронавирус жұқтырғандар саны 69-ға жеткен. Олардың көбіне вирус елден тыс аумақта жұққан. Дональд Трамп америкалықтарды қатты үрейленбеуге шақырды. Ол науқастар саны ұлғаюы мүмкін, алайда билік кез келген жағдайға дайын деді.
«Америка дауысы» сайтының жазуынша, 2 наурызда президент фармацевтикалық компания жетекшілерімен кездесіп, екпе егу мәселесін талқылайды.
Соңғы дерек бойынша, әлемде шамамен 87 мың адамнан коронавирус табылған, оқиғалардың 80 мыңға жуығы Қытайда тіркелген. Соңғы аптада Оңтүстік Корея мен Иранда вирус жұқтырғандар саны күрт көбейіп барады. Еуропада оның ішінде Италияда жағдай ушығып барады.
Вирустан көз жұмғандар саны үш мыңға жуықтады. Олардың басым бөлігі Қытайда тұрған. Иранда — 43 адам, Италияда — 29 адам қайтыс болды. Жексенбі күні Австралия мен Таиландта алғашқы адам өлімі оқиғасы тіркелді.
Оқи отырыңыз: Ирандағы коронавирус. Науқас депутат, айнымалы статистика
Эпидемия басталған уақыттан бері 41 мыңнан астам айыққан. Қалғаны емделіп жатыр.
Вирус әлемнің шамамен 60-қа тарта елінде табылған. Жексенбі күні Армения билігі коронавирус тіркелгенін хабарлады. Ресейде ресми дерек бойынша үш адамнан вирус табылған. Олар вирус шарпыған Diamond Princess кемесінде болған.
Коронавирустың таралуы кесірінен өткен аптада биржадағы көрсеткіштер құлдырап, мұнай және өзге де ресурстар арзандады. Экономистер әлемдік экономиканың дамуы бәсеңдеуі мүмкін, тіпті рецессия болуы да ғажап емес деп болжайды. Шектеу шараларының кесірінен жолаушылар тасымалдау мен туризм саласы зардап шегіп жатыр.
Оқи отырыңыз: Коронавирус жылдам тарап барады. Қазіргі жағдай жайлы 20 дерек