АҚШ Сүриядан әскерін шығара бастады
Құрама Штаттар Сүриядан әскерін шығара бастады. Бұл жөнінде Ақ үй өкілі Сара Сандерс мәлімдеді.
Reuters ақпарат агенттігінің хабарлауынша, АҚШ Сүриядағы мемлекеттік департамент өкілдерін бір тәуліктің ішінде алып шығады. Агенттік мәліметінше, Уашингтон 60-100 күн аралығында әскерін толық шығарады. Аймақта екі мыңнан астам америкалық сарбаз бар.
Сәрсенбі күні АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің «Twitter» парақшасына «Ислам мемлекеті» экстремистік тобының күйрегенін, «АҚШ әскерінің Сүрияда қалуының жалғыз себебі ИМ-ді жеңу болғанын» жазған.
«Bloomberg» басылымы да Уашингтондағы ресми дереккөзге сүйеніп, Сүриядан әскерді шығару жөнінде жарлыққа қол қойылғанын жазды.
«Ислам мемлекеті» 2013 жылы Сүрия мен Ирак аумағында құрылған экстремистік топ. Олар бірнеше жыл бойы екі ел аумағының негізгі бөлігін басып алып, халифат орнатпақ болған. 2018 жылдан бастап «Ислам мемлекеті» құлдырай бастады.
«Ислам мемлекеті» Қазақстан аумағында террорлық ұйым деп танылған. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің дерегінше, осы уақытқа дейін 800-ге жуық қазақстандық Сүрияға кетіп, «Ислам мемлекеті» тобының қатарында соғысқан.