АҚШ Сириядан әскерін шығаратын болды

0

АҚШ президентінің бұл мәлімдемесін қолдаушылар да, сенбеушілер де, тіпті жоққа шығарушылар да табылып жатыр. Д.Трамптың өзі мұны америкалықтардың Си­риядағы көздеген мақсатына жеткен­дігімен түсіндірді. Оның ай­туына қа­ра­ғанда, амери­ка­лықтар ДАИШ террористік ұйымын (Қазақстанда тыйым салынған) жеңген.

Дереккөздердің хабарлауынша, өткен аптаның соңына таяу АҚШ әске­рилерінің алды Сириядан шығарыла баста­ған. Д.Трамп әкімшілігінің мұн­дай ниеті туралы бұған дейін Пен­­та­гондағы құпия дереккөз­деріне сілтеме жасаған Washington Post газеті жазған еді. Ба­сы­лымға ақпарат берген тұл­ға аталған шешімнің жуырда қа­был­данғандығын және Сириядан 2 мыңдай әскери қыз­меткердің шығарылатындығын хабар­лаған.

Ал әскерилерді шығарудың жедел­детілетінін өткен сәрсен­бі күні Wall Street Journal жазды деп хабарлады «Би-Би-Си». Басылымда «Пентагонның Сириядан әскерді жеделдетіп шығару туралы бұйрығы бар», делінген. Оған қоса аталған басылым Д.Трамптың мұндай шешім қабылдауына өткен аптада Түркия президенті Режеп Та­йип Ердоғанмен телефон арқы­лы сөйлесуі себепші болды деп жазған.

Ақ үйдің шешімінен соң Рей­тер агенттігі америкалық әскердің Сириядан шығарылуына шамамен 60-100 күн қажет деген ақпарат жариялады.

Жалпы, АҚШ тарапы 2015 жыл­дың қазан айынан бастап Сирия аумағында әскери базалар мен жедел әрекет ету орта­лық­тарын сала бастаған болатын. Әуел­гіде екі авиабаза салудан басталған әскери база жыл сайын ке­ңейтіліп келді. 

Сирияда амери­калық әс­­ке­рилердің дені елдің сол­түс­тік-шығысына шоғыр­лан­­дырылды. Олар қарулы оппо­зи­­цияны қол­дай отырып, «Ис­лам мемле­кетіне» қарсы ұрыс жүргізуде.

Осы орайда Сириядағы шы­ғын­дарының ақталарына күмән кел­тірген Д.Трамп көктемде-ақ Америка әскерін елге қай­та­ратындығын мәлімдеген болатын. Бірақ уақыт өте келе бұл шешім кейінге қалдырылған.

Қазір бұл оқиғаға байланысты әлемде қызу пікірталас жүріп жатыр. Мәселен, Ресей президенті Владимир Путин таяудағы баспасөз мәслихатында Д.Трамптың сөзіне күмәнмен қарайтындығын жасырмады. «Әскерін шығаратындығы туралы жыл сайын айтумен келеді. Бірақ олар әзірге сонда», деген болатын В.Путин. Ол сондай-ақ халықаралық құқық бойынша АҚШ әскері Сирияға заңсыз кіргендігін атап өтті. Сонымен бірге америкалық әріптесінің әскерді шығару жөніндегі шешімін құптайтындығын айтты. 

Ал британдық «Times» басылымының редакторлық бағанында президент Дональд Трамптың шешімі «үлкен қателік» деп бағаланған. Онда «Твиттерде» жарияланған шешім АҚШ мемлекеттік департаменті мен Пентагон үшін тосын сый бола отырып, америкалық әскери билік құрылымының барлық құпиясын ашып қойды. Трамптың өз шешімін Бри­тания, оған қоса Франциямен ақыл­даспауы оның одақтастарын қалай қадірлейтіндігін көрсетті, делінген.

Басылым сондай-ақ енді «Ислам мемлекетінен» қауіп жоқ деген пікірге де күмән келтірген. Оған дәйек ретінде экстремис­тер жетекшісі Әбу-Бәкір әл-Бағ­да­ди­дің әлі де бостандықта жүрген­дігін жаз­ған.

Өз кезегінде Иран сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Бахрам Касеми Таяу Шы­ғыста Америка қарулы күш­терінің болуы әу бастан қате шешім болғандығын және аймақтағы жағдайды ушық­тырып жібер­генін жөнінде пікір білдірген. Ол бұл мәлім­де­месін Telegram арнасында жа­рия­лады.

Осы уақыттарда Сирияда қарулы қақтығыстар кезінде босып кеткен халық отанына орала бастаған. Түркия ішкі істер министрі Сүлеймен Сойлудың бұл пікірін Анадолы агенттігі жариялады. Тек соңғы екі арнайы операциядан кейін Сирияға 300 мыңға жуық адам оралған. Алайда Түркиядағы босқындар саны әлі де 4,5 млн адамның шамасында қалып отыр. Осыған қарамастан Сирияға күніне мыңдаған адам оралуда.

Бұл ретте бітімгерлік бас­та­маларға еліміз де айтар­лықтай үлес қосып, бұл әлем­дік қоғамдастық тарапынан оң баға алып отырғаны бел­гілі. Жақында ғана БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесінің мүшелері халық­аралық қоғамдастық пен БҰҰ-ның Астана процесі аясындағы іс-қимылын қоса алғанда Сириядағы дағдарысты рет­теудегі күшін жоғары бағалады.

Қазақстан БҰҰ Қауіп­сіз­дік Кеңесінің Сирияға транс­шекаралық гуманитарлық кө­мек көрсетуді жалғастыру туралы қарарын қолдады. Осы қарарда Астана форматындағы келіссөздер ұсталған адамдар­дың, әсіресе әйелдер мен бала­лардың тез арада босатылуына, сондай-ақ қайтыс болғандардың мәйітін тапсыруға, жоғалған адамдарды анықтауға елеулі үлес қосатыны аталып өтті.

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»

Дереккөз: http://egemen.kz/

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз