АҚШ сенаты Трамп импичментін қолдаған жоқ

0

АҚШ сенаты президент Дональд Трампты қызметінен кетіруді қолдамады. Басым бөлігі республикашылдардан құралған парламенттің жоғарғы палатасы президент билік өкілетін теріс пайдаланып, конгресс жұмысына кедергі келтірді деген айыптарды мойындаудан бас тартты.

Алғашқы айып бойынша (билік өкілетін теріс пайдалану) 48 сенатор қолдап дауыс берді, 52-і қарсы шықты. Конгресс жұмысына кедергі келтіру айыбы бойынша 47 сенатор айыпты қолдады, 53 сенатор қарсы дауыс берді.

Трамп отставкасын бір республикашыл ғана қолдады. Дауыс беруге бірнеше сағат қалған кезде республикашыл сенатор Митт Ромни бірінші айып бойынша импичментті қолдап дауыс беретінін айтты.

Ромни — АҚШ тарихында демократтардың президентті биліктен кетіру туралы ұсынысын қолдаған алғашқы республикашыл және өз партиясындағы президентті биліктен кетіру үшін дауыс берген бірінші сенатор.

Демократтардың ешқайсысы президентті ақтап дауыс берген жоқ.

Өткен жылы желтоқсан айында басым бөлігі демократтардан құралған өкілдер палатасы Трампқа екі бап бойынша айып таққан: билік өкілетін теріс пайдалану және конгресс жұмысына кедергі келтіру. Екеуі де Трамптың бұрынғы вице-президент, 2020 жылы өтетін сайлауда бәсекелес болуы ықтимал Джо Байденнің ұлы Хантер Байденнің қызметіне қатысты Украинада тексеру жүргізуге күш салуымен байланысты.

Демократтардың айтуынша, Трамп Хантер Байденге қарсы тергеу амалдары жүргізілмесе, Киевке әскери көмекті тоқтатам деп Украина билігіне қоқан-лоқы жасаған. Дональд Трамп бұл айыптауларды жоққа шығарды. Трамптың заңгерлері «Трамп ешқандай қылмыс жасаған жоқ, сол себепті импичмент АҚШ Конституциясына қайшы» деді. Кейбір республикашыл-сенаторлар президенттің этикаға сай әрекет етпегенін мойындады. Бірақ сол үшін импичмент жариялауға болмайды деп айтты. Өткен жылдың соңында өкілдер палатасы Трамп импичментін қолдап дауыс берген.

АҚШ конгресінің жоғарғы палатасында республикашылдардың ара салмағы көп болғандықтан әу бастан-ақ сарапшылар президенттің ақталатынына сенімді болған. Сенаторлардың басым бөлігі процесс кезінде жаңа куәгерлерді шақырудан бас тартты.

Қарай отырыңыз: Дональд Трампқа импичмент қаупі төнді (Қыркүйек айы, 2019 жыл).

Azattyq