АҚШ сенаторлары Путинді «Азат Еуропа/Азаттық радиосына қысым жасады» деп айыптады

0

АҚШ-тың қос партиядан сайланған сенаторлары Ресей президенті Владимир Путинді Азат Еуропа/Азаттық радиосына (АЕ/АР) қысым көрсету арқылы «мемлекет қолдауымен баспасөз бостандығына жасалып жатқан шабуылды» тоқтатуға шақырды.

12 наурызда сенаттың сыртқы қатынастар комитеті жариялаған мәлімдемеде Ресейде баспасөз бостандығының нашарлап бара жатқаны, және АҚШ қаржыландыратын Азат Еуропа/Азаттық радиосына «шетел агенті» заңы аясында қысым жасалып жатқаны айтылады.

Ресейдің байланыс, ақпараттық технология және бұқаралық коммуникация салаларын бақылау қызметі («Роскомнадзор») «шетелдік агент» саналатын редакцияның материалды белгілеу ережесін бұзғаны үшін Азат Еуропа/Азаттық радиосының орыс тіліндегі қызметтерінің үстінен 260 іс қозғатқан. Мәскеу соты жалпы сомасы 1 млн долларға жуықтайтайын айыппұл салу жөнінде 142 іс бойынша шешім шығарған.

Сенаторлар Крис Кунс, Митт Ромни, Марко Рубио және сенаттың сыртқы қатынастар комитетінің төрағасы Боб Менендез қол қойған мәлімдемеде «Көптен бері Ресейдің азаматтық қоғамын әлсіретуге күш салып келе жатқан Кремль ауыр жаза қолданатын «шетелдік агент» заңын сот істерінің және айыппұлдардың көмегімен Ресейде АЕ/АР-дың үнін өшірудің құралы ретінде пайдаланып отыр» делінген.

Сенаторлар Путинді «баспасөзді өз бақылауына алып, үкіметті сынайтындарды жазалайтын заң қабылдады, журналистердің қауіпсіздігіне қатер төндірді» деп айыптады.

«Ауыр ахуал қалыптасқан медиа ортада Азат Еуропа/Азаттық радиосы Ресей халқына айрықша қызмет етіп, оларға объективті журналистиканың ең жоғары стандарттарына негізделген, цензурасыз жергілікті ақпаратты ұсынды» деді сенаторлар.

АЕ/АР айыппұлдың бәрін төлеп, ережелерді орындамаса, оның Ресейдегі қызметіне жабылу қаупі төнеді.

Осы айдың басында АҚШ мемлекеттік департаменті Ресей үкіметінің «пікір білдіру еркіндігін шектеу» әрекетіне «қатты алаңдайтынын» мәлімдеген.

Сол күні Мәскеу соты Азат Еуропа/Азаттық радиосының «шетелдік агент» заңы аясында салынған айыппұлдарға қарсылық білдірген бес апелляциялық шағымын қанағаттандырудан бас тартқан.

«Роскомнадзор» талаптарына сәйкес, АЕ/АР жобалары әрбір аудио- және видеоматериалының басына «шетелдік агент екенін ескертетін» 15 секундық дыбыс фрагментін не видеотитр қоюы керек. Оның үстіне, көлеміне қарамастан, сайттардағы барлық мәтіндерге, әлеуметтік желілердегі посттар мен жарияланымдарға осындай белгі қойылуы тиіс.

  • Азаттық радиосы, оның аймақтық жобалары, «Настоящее время» телеарнасы және АЕ/АР-ның бірнеше бөлімшесі 2017 жылдың соңында «БАҚ – шетелдік агент» тізіміне кірген. Министрліктің тізіміне енген бұл редакциялар қаржысы туралы есеп беріп, жарияланымдарын тиісті түрде белгілеп отыруы керек. АЕ/АР Ресейдің БАҚ – «шетелдік агент» туралы 2017 жылғы заңнамасын орындайды, бірақ оны «Ресей басшыларының журналистерді қудалауға бағытталған қауіпті қадамы әрі Ресей азаматтарына Кремль мақұлдаған ақпаратты ғана жеткізуге тырысу әрекеті» деп бағалайды.
  • АЕ/АР басшылығы ешбір тараптың саяси не цензуралық мақсатпен редакция саясатына араласуына жол бермейтін медиаұйым екендерін үнемі ескертіп келеді.
  • Ресейде жеке тұлғаларды да «БАҚ – шетел агенті» деп тануы мүмкін. 2020 жылы Ресей әділет министрлігі бес адамға осындай статус берді, олардың үшеуі – Азаттық радиосымен әріптес болып жүрген журналист. Олардың барлығы бұл шешімге заң аясында қарсылық білдірмек.
  • Азат Еуропа/Азаттық радиосы баспасөз бостандығына үкімет шектеу қойған 23 елге 27 тілде хабар таратады. Радио журналистиканың жоғары объективтілік стандарттарын ұстанып, цензурасыз ақпарат беруді мақсат тұтады. Ұйымның бас кеңсесі Чехия астанасы — Прагада орналасқан.
  • Медиаұйым АҚШ конгресінің гранттары негізінде қаржыландырылады.