АҚШ Ресейді қамауға алынған Қырым татарларын босатуға шақырды

0
78

АҚШ мемлекеттік департаменті Мәскеу билігінің Ресейде тыйым салынған Хизб ут-Тахрир ұйымының қызметіне қатысты деген күдікпен аннексияланған Қырымның 23 тұрғынын қамауға алғанын сынады.

Вашингтон Ресейді қамауға алынған қырым татарлары мен «жазықсыз сотталған басқа да украиндықтарды» босатуға шақырды. Бұл туралы АҚШ мемлекеттік департаменті басшының орынбасары Роберт Палладино айтты.

Кеше, 28 наурызда, Ресейдің қол астындағы Симферопольдегі Киев аудандық соты Қырым татарларының 23 белсендісін 2003 жылы Ресейде тыйым салынған Хизб ут-Тахрир исламшыл партиясы қызметіне қатысы бар деген күдікпен 15 мамырға дейін қамауға алған.

27 наурызда Қырымда Ресей федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ), ішкі істер министрлігі мен Росгвардия қызметкерлері Ресейде және тағы бірқатар елде тыйым салынған «Хизб ут-Тахрир» діни ұйымының қызметіне қатысқан деген күдікпен бірнеше тұрғынның үйін тінтіген.

Ресей 2014 жылы Қырымды аннексиялағаннан кейін түбекте 31 жергілікті мұсылман «Хизб ут-Тахрир» ұйымына қатысы бар деген күдікпен қудалауға ұшыраған. Украинада бұл ұйым емін-еркін жұмыс істейді.

Биыл 22 ақпанда ФСБ «билікті күштеп басып алмақ болған» деген айыппен сегіз адамның үстінен іс қозғаған.

Украина билігі «Ресей құқық қорғау органдары бұл операциясы арқылы адам құқықтарын бұзудың ең үлкен мысалын көрсетті» деп мәлімдеді. Украина президенті Петр Порошенко азаматтардың үйін тінту мен оларды қамауға алуды Мәскеудің Қырым татарларын жаппай қорқытып-үркіту акциясы деп атады.

Ресейшіл Қырым үкіметінің басшысы Сергей Аксенов «құқық қорғау органдарының әрекетін толықтай қолдаймын, репрессия туралы айтылған кез келген әңгіме – жалған» деп мәлімдеген.

Azattyq