АҚШ қорғаныс министрі отставкаға кетеді

0

АҚШ қорғаныс министрі Джеймс Мэттис отставкаға кетуге өтініш білдірді. Ол президент Дональд Трампқа жолдаған өзін отставкаға жіберу жөніндегі өтінішінде қызметінен кету шешіміне бірқатар мәселе бойынша келіспеушілік себеп болғанын айтады.

Мэттис АҚШ-тың одақтастарымен белсенді өзара іс-қимыл жүргізгенін және Ресей мен Қытай сияқты елдерге қарсы әрекетін жақтайтынын айтады. Ол Ресей мен Қытай әлемдік тәртіпті өз ұстанымдарына сай, көрші елдердің ішкі ісіне килігу арқылы қайта құруға талпынып жатыр дейді. Пентагон басшысының пікірінше, АҚШ Ресей мен Қытайдың бұл іс-әрекетіне қарсы тұратын одақты күшейту үшін қолда бар күш-қуатын пайдалануы қажет.

«Сіздің осы және басқа да мәселелер бойынша көзқарасы өзіңіздікімен бірдей министр ұстауға хақыңыз бар болғандықтан, мен қызметімнен кеткенім жөн болар деген шешімге келдім» деп жазды Мэттис. Пентагон басшысы 2019 жылдың 28 ақпанында қызметінен кетеді.

Президент Дональд Трамп Twitter-де Джеймс Мэттистің отставкаға кететінін растап, оған қорғаныс министрлігін басқарған екі жылдағы Пентагонның жетістігі үшін алғыс білдірді.

Трамп жаңа қорғаныс министрі болатын адамды таяуда жариялайтынын айтты.

19 желтоқсан күні Дональд Трамп алдағы екі айда АҚШ әскері Сириядан шығарылатынын жариялаған. Оның бұл шешімін АҚШ-тың одақтастары да, АҚШ Конгресі де сынады. Джеймс Мэттис Сириядан дәл қазір АҚШ әскерін шығаруға қарсы болған.

Дереккөз: Азаттық