АҚШ Қазақстанның Сириядан азаматтарын қайтару талпынысын жоғары бағалады

0

АҚШ Қазақстанның Сириядағы азаматтарын қайтару талпынысын жоғары бағалады. АҚШ дерегінше, Қазақстан Таяу Шығыс елдерінен 600-ден астам азаматын елге қайтарған. Олардың арасында қарулы топтардың құрамында болған ондаған адам бар. АҚШ 23 адамды қайтарған, олардың 15-і — бала.

Кейбір Еуропа мемлекеттері Сирияға кеткен азаматтарын, әсіресе содырлар қатарында соғысқан адамдарды елге қайтаруға ықылас танытпай отыр. Нидерланды мен Бельгияда кейбір азаматтар сотқа шағымданып, үкіметті Сириядағы туыстарын қайтартуға мәжбүрлегісі келеді.

«Қазақстан жүздеген азаматын елге қайтарып, бұл тұрғыда шынымен алға шықты» деді Ақ үйдің жоғары лауазымды шенеунігі 20 желтоқсанда терроризммен күрес мәселесіне арналған брифинг кезінде.

Америка шенеунігінің сөзіне қарағанда қазіргі кезде Сирия солтүстігінде — АҚШ қолдауына ие күрд жасақтарының бақылауындағы аумақта басқа мемлекеттерден келген шамамен екі мың содыр қамауда отыр. Бұған қоса, бұл аумақта «ДАИШ» экстремистік тобына қатысы бар адамдардың әйелдері мен бала-шағалары тұрып жатыр. Олардың саны 70 мыңға барып жығылады.

Босния және Герцеговина 19 желтоқсанда Сириядан 25 азаматын эвакуациялады, олардың арасында содырлар да бар.

Шенеуніктің айтуынша, көптеген мемлекеттер Сириядан оралған содырларды қылмыстық жауапкершілікке тартады. Алайда биліктің алдында одан да күрделі мәселе тұр. Бұл — радикалды идеология ықпалына түскен отбасы мүшелерін қоғамға бейімдеу. Ақ үй өкілінің айтуынша, бұл көп уақыт пен күш-жігерді талап етеді.

Бұл тұрғыда АҚШ Қазақстанның талпынысын қолдайды және қақтығыс аймағында болып, зорлық-зомбылықты бастан кешірген адамдарды қоғамға бейімдеумен айналысатын мамандарға көмектесу үшін сарапшылар тобын жібереді.

Қазақстан Сириядан әкелінген адамдарға экстремистік топ идеологтары пайдаланған «теологиялық тұзақтардың мәнін» түсіндіру үшін имамдарды тартып жатыр. АҚШ шенеунігі «бұл осындай мәселеге тап болған өзге мемлекеттер үшін құнды тәжірибе» деп атап өтті. Ол бұған дейін Нұр-Сұлтандағы бейімдеу орталығына барғанын да айтып өткен.

Azattyq