АҚШ-қа аттанып, оны қалай бағындыруға болады: Қазақ қыз америкалық виза, онда жұмысқа орналасу, бала туу туралы — Қазақстан жаңалықтары

0

Бүгінде арман қуып АҚШ-қа кететіндердің қарасы көбейді. Қазақстандық Гүлбану Азипова Нью-Йоркке барып, бір жылдай сонда тұрып келген. Қазақстанға оралып, енді өз алған тәжірибесімен халықпен бөлісіп, Америкаға барудың оңтайлы жолдарын айтып кеңес береді. Екі баланың анасы — алматылық Гүлбану шетелдің ерекшеліктері, бала босанудағы артықшылықтары және жұбайымен қызықты танысу оқиғасын Stan.kz редакциясына берген сұхбатында баяндады.

– Қазір көп адам АҚШ-қа баруды, cонда тұруды армандайды. Америкаға барудың қандай тиімді жолдары бар? Өз оқиғаңызды айтып берсеңіз.

– Иә, қазір көп адам АҚШ-қа барсам, көрсем, табыс тапсам деп армандап, ниет етеді. АҚШ-қа барудың ең тиімді жолдарының бірі студенттік виза дер едім. Өзіміз осы студенттік визаны алған болатынбыз. Жолдасым 29 жаста, әр университет пен колледждің ағылшынға дайындайтын бір жылдық подкурсы болады, сол подкурсқа жолдасым түскен болатын. Мен де қасына ілесіп бірге бардым. Бұл курстар қолжетімді бағада, ай сайын ақысын төлеп тұруға мүмкіндік бар. Бір жылдың көлемінде АҚШ-тың Нью Йорк штатында тұрдық, карантинге байланысты елге оралуға тура келді. Дәл қазіргі уақытта жолдасым Америкада өз оқуын жалғастыруда.

– Ол жақта сізге не ұнады және ұнамсыз тұстары болды ма? 

– Мәдениетінің әлдеқайда дамып кеткендігі байқалады. Кез-келген салада ілгері жүргендері көрінеді, мейлі поштсы болсын, автоматтандырылған жүйесі де, қызметінің бәрі жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Адамдар кезекте ұзақ тұрмайтындай, уақытын жоғалтпайтындай жағдай жасалған. Онда адамдар сағатына жалақы алатындықтан, әр уақыты санаулы. Яғни жарты сағатын, бір сағатын пайдалы жұмсауға тырысады. Ең ұнағаны әлеуметтік жағдайы орташа отбасылар үйді тазалауға клинингтік қызмет шақыртуға мүмкіндіктері бар, олар тамақ жасап та әуре болмайды, сырттан ішеді. Ал үйде әлденені жөндеу керек болса, сол істің маманын шақыртады. Болашақта біздің Қазақстанда әрбір отбасы сондай дәрежеге жетсе екен деген ниеттемін. 

Ұнамаған тұстары кейде еркіндік шектеy тыс болып жатады. Ер азаматтардың бір-бірімен қол ұстасып отыруы секілді дүниелер біздің мәдениетке жат болғандықтан қабылдай алмадық.

– Жұбайыңызбен ватсапта танысып, бірден үйленгендеріңіз рас па? Қалай таныстыңыздар?

– Алматыда таныстық, бірақ алты ай бойы Whatsapp-та сөйлесіп жүріп, бір жарым айдан кейін бірден үйленіп кеткен болатынбыз. Ол ағамның досы болды. Бір жолы ағам мені жұмыстан алып кетіп жүруге өтініш білдірген болатын. Өйткені болашақ жарымның да анасы жұмыстан сол уақыттарда шығатын. Сол кездері танысып, бәріміз бірге қайтып жүрдік. Бірақ болашақ жарыммен сөйлесіп кетеміз деген ой да болмапты. Кейін Лондонға алты ай уақытқа кететін болды. Кейін Whatsapp арқылы жазып, мені ұнатып қалғандығын, ойын, сезімін білдірді. Сол уақыт аралығында ойымыз бір жерден шығып, көзқарастарымыз үйлесіп, тез тіл табысып кеттік. Қазақстанға келген соң бірден той жасап, бір жарым айдың көлемінде үйлендік.

– Жолдасыңыздың жырақта жүруі, арадағы қашықтық қарым-қатынастарыңызға қалай әсер етті?

– Әр адамның орны бөлек демекші, кей кездері арқа сүйеп бар жұмысты сол кісіге артып қойып көңілің тыныш болғанға үйреніп қалған соң, қазір жырақта жүргендіктен, көп нәрсе өзімнің жауапкершілігімде, осы жағынан қиындау екені рас.Бірақ ара-қашықтықтың біздің қарым-қатынасымызға, сыйластығымызға еш әсер етпеді,тек сағынғанымыз болмаса..

– АҚШ-та босану жайлы айтып берсеңіз, таныс емес елде қиын болған жоқ па?

– Қызметкерлердің ұқыптылығы, әр нәрсеге аса мән беретіні, көңіл күйіңе, жағдайыңа қарап, босанған әйелдің депрессияға түспеуін қадағалайтындығы өте ұнады. АҚШ-та өзіңіз алдын ала медициналық сақтандыруыңыз бойынша тіркелген бір дәрігерге бастан-аяқ қаралып, босанар кезде де сол кісінің қарамағында боласыз немесе тағы бір жолы  — әр кезде әртүрлі дәрігерлер қабылдап, кезекші дәрігерлер босандырып алады. Мені жеке дәрігерім өзі қарап, өзі босандарып алды. Босанатын кезде палатада 10-ға жуық адам келді, оның ішінде тіпті аудармашы да болды. Ағылшынша кей сөздерді түсінбеген кезде сол кісі қасымда болып, құжаттарға дейін аударып тұрды. Тамақтандыру кезінде қандай тамақ жейтініңізді халал немесе вегетариандық, аллергияңыз жоқ па — барлығын толық сұрап алады. Палатаға келіп, тамақтарды өздері алып келеді. Біз перзентханаға ештеңе апарған жоқпыз: әйелге және балаға қажетті киім-кешек, памперс сияқты заттардың барлығы болды. Жаныңызға партнер кіретін болса, сол кісіге де арнайы диван/төсек болады. Бірге қона алады. Босанғаннан кейін қалыпқа келу процесі тез болды. Екі-үш күнде жүгіріп кеттім деуге болады. 

– Нью-Йорк сізге ұнады ма? Мұнда қандай жұмыстар кең таралған?

– Нью-Йоркте түрлі ұлт өкілдері өте көп, өзімді бүкіл әлемді көргендей сезіндім. Ғимараттарымен, басқа елде жоқ дүниелермен таныстық. Әлем астанасы деуге әбде лайық екен. Әрбір адамның арманы деп ойлаймын. Мұнда ең алғаш келген адамға қызмет көрсету саласында жұмыстар өте көп, ер азаматтар үшін соның бірі “moving”, яғни үйлерді көшіру, құрылыс саласы, такси, официант, ал қыздар үшін «Cleaning», яғни үй/офис тазалау жұмыстары, сатушы, кассир, хостесс сынды жұмыстар әрдайым сұранысқа ие. Бастапқы кезде көп адамдар осындай жұмыстардан бастайды.

– Алдағы жоспарларыңыз қандай? АҚШ-қа қайта бару ойыңызда бар ма?

– Қазіргі таңда дәл біз секілді Американы көрсем, білім алып, табыс тапсам деп ниет етіп жүрген жандарға осы виза мәселесі бойынша өзімнің вебинар/курстарымды өткізіп, өзіміз секілді жастарға, отбасыларға өз көргеніммен, білгеніммен бөлісіп, аз да болса көмек көрсетіп жүрмін. Осы саланы алдағы уақытта  дамытуды жоспарлаудамын. Ал біздің визамыздың уақыты 5 жыл, сол аралықта екі ел арасында жүру жоспарда бар.

 

Дайындаған: Назерке МҰСА

stan.kz