АҚШ президенті Тоқаевты құттықтады — Қазақстан жаңалықтары
Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай шет мемлекеттер басшыларынан құттықтау жеделхаттары мен хаттар келіп түсті.
Америка Құрама Штаттарының президенті Дональд Трамп өз елінің атынан және өз атынан Қазақстан халқын Тәуелсіздіктің 28 жылдығымен құттықтады.
«Біздің күшті серіктестіктің арқасында соңғы 12 айда қол жеткізілген керемет прогресті атап өткенге қуаныштымын. Біздің ынтымақтастығымыз ядролық қаруды таратпау мәселелерін шешуден бастап, терроризмге қарсы күреске дейін әлемді қауіпсіз және тұрақты етеді», — делінген жеделхатта.
Дональд Трамп мемлекет басшысы тәуелсіздік күнін президент ретінде алғаш рет атап өтіп жатқанын атап өтті және оған жаңа жылда сәттілік тіледі.
«Америка Құрама Штаттары сіздермен және қазақ халқымен Қазақстан үшін жарқын және табысты болашақ құру жолындағы күш-жігеріңізбен жемісті жұмыс жасауға дайын», — деді Америка Құрама Штаттарының президенті құттықтауында.
Өзінің жеделхатында Үндістан президенті Рам Нат Ковинд біздің елдеріміздің бұрыннан келе жатқан тарихи байланыстарын еске алып, Қазақстанға гүлдену тіледі.
«Үндістан мен Қазақстан арасындағы қатынастар ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи және мәдени байланыстарға негізделген. Біздің елдеріміз арасындағы көпжақты және екіжақты қатынастар стратегиялық серіктестік деңгейіне жетті. Біздің ынтымақтастығымыз нығая түсетініне сенімдімін», — делінген хатта.
Испания королі Фелипе Испания халқы мен үкіметінің атынан Қазақстан президентін Тәуелсіздік күнімен құттықтап, қазақстандықтарға бейбітшілік пен өркендеу тіледі.
Сингапур Республикасының президенті Халима Якоб Қасым-Жомарт Тоқаевты және Қазақстан халқын Тәуелсіздік күнімен құттықтады.
«Сингапур мен Қазақстан өте жылы және достық қарым-қатынаста. Екі ел арасындағы сауда-саттық өсіп, құқықтық және қаржы саласындағы ынтымақтастық кеңейіп жатқанына қуаныштымын. Мен сіздермен біздің елдеріміздің игілігі үшін жұмыс істеуге және қатынастарды одан әрі нығайтуға үміттенемін», — деп жазды Халима Якоб.
Австрия президенті Александр ван дер Беллен Тәуелсіздік күнімен құттықтап, амандық тіледі.
«Біз көптеген салаларда, соның ішінде экономикалық ынтымақтастықта өте жемісті дамып келе жатқан елдеріміздің өзара іс-қимылын сәтті жалғастыра алатынымызға сенімдімін», — делінген жеделхатта.
Австралия Одағының генерал-губернаторы Дэвид Херли өзінің құттықтауында мемлекеттер арасындағы достық екіжақты қатынастардың одан әрі дамуына сенім білдірді.
stan.kz