АҚШ пен тәліптер 18 жылға созылған соғысты аяқтау үшін келісімге қол қойды

0

29 ақпанда Дохада АҚШ пен “Талибан” радикал қозғалысы келісімге қол қойды. “Талибан” келісімді орындаса, АҚШ пен НАТО 14 айда Ауғанстаннан әскерін алып кетеді. АҚШ пен тәліптер арасындағы келісім Ауғанстанда 18 жылға созылған соғысқа нүкте қоюға алғашқы қадам болуы тиіс. Келісімге АҚШ-тың Ауғанстан бойынша арнайы уәкілі Залмай Халилзад пен “Талибанның” саяси жетекшісі Абдул Ғани Барадар қол қойды.

Келісімге қол қою рәсіміне Ауғанстан президенті Ашраф Ғани, Пентагон басшысы Марк Эспер, АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео, НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг куәгер болды. Келісім 10 наурыздан бастап күшіне енеді деп жоспарланған.

Бұл келісімді АҚШ пен тәліптер 2018 жылдың қазанынан бастаған еді.

Құжатқа сай, АҚШ пен НАТО 14 айда Ауғанстанда жүрген әскерін алып кетуі тиіс. Қазір бұл елде 13 мың америкалық әскери бар. Бұдан бөлек, “Талибан” мен Ауғанстан тұтқын алмасып, түрмеде отырған 5000 тәліп пен мыңға жуық ауған әскери қамаудан босауы тиіс. АҚШ “Талибанға” салған санкцияларын да алуы керек.

Ауған президенті Ашраф Ғани Дохадағы келісім Ауғанстанда бейбітшілік орнатады деп үміттенеді. Ал Майк Помпео тәліптерді сөзінде тұруға және “Әл-Каида” және ДАИШ террористік тобымен байланысты доғаруға шақырды.

Тәліптердің басшысы Абдул Ғани Барадар келісімді сақтауға уәде беріп, Ауғанстанның ислам қағидаларымен басқаруға шақырды.

Вашингтон мен тәліптер 2019 жылы қыркүйекте келісімге қол қою керек еді. Бірақ Кабулдағы терактіде америкалық әскери қаза болып, АҚШ президенті Дональд Трамп тәліптермен келісімге қол қоюдан бас тартқан. Бірнеше айдан соң процесс қайта басталды.

2011 жылы 11 қыркүйектегі терактіден соң АҚШ Ауғанстанға әскер кіргізген. АҚШ сол кезде “Әл-Каида” террористік тобын құртып, “Талибанды» биліктен қууды мақсат еткен. Қазір тәліптер Ауғанстанның жарты бөлігін бақылауында ұстап отыр. “Талибан” басқаратын аймақтарда шариғат заңдары жүреді және әйелдердің білім алуына, көшеге жиі шығуына тыйым салынған. Кабулда болған көптеген шабуылды тәліптер өз мойнына алған.

Azattyq