АҚШ Орталық Азияға қатысты жаңа стратегиясын жарияламақ

0

АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі Орталық Азияға қатысты жаңа стратегия дайындап жатыр. Бұл туралы 13 желтоқсанда АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі мәлімдеді.

Мемлекеттік департамент өкілі АҚШ-қа барған Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен кездесуден соң баспасөз мәслихатын өткізіп, биыл Вашингтонның Орталық Азиядағы бес елмен қарым-қатынасы “жанданғанын” айтқан.

Шілдеде АҚШ делегациясы төрт жылда алғаш рет Қырғызстанға барған. Қарашада мемлекеттік департамент Түркіменстан сыртқы істер министрі Ришад Мередовті қабылдаған. Мемелкеттік департамент өкілінің сөзінше, АҚШ келесі жылы көктемде Тәжікстан мен Өзбекстан делегациясымен кездесуді жоспарлап отыр.

Ресурсқа бай Орталық Азияға Ресей мен Қытай ықпал еткісі келеді. Бұл аймақтың тыныштығына Ауғанстандағы содырлар да қауіп төндіріп тұр.

Қытай Орталық Азия елдеріне экономикалық әрі саяси ықпалын күшейтуге тырысып жатқан тұста АҚШ та бұл аймақтағы елдермен дипломатикалық қарым-қатынасты кеңейтпек. Пекин Шыңжаңнан қашқан мұсылмандарды да кері қайтару үшін қазір Орталық Азия елдеріне қысым жасауға тырысып отыр. 2017 жылдың көктемінен бері Қытайдың Шыңжаң өлкесінде мұсылмандар, оның ішінде қазақтар мен қырғыздар “саяси лагерьге” қамалғаны туралы хабар тарап жатыр. Батыс елдері Қытайдың Шыңжаңдағы саясатын сынайды.

Azattyq