АҚШ конгресі Йемендегі әскери кампанияны доғаруды қолдады

0

АҚШ конгресінің өкілдер палатасы елдің Йемендегі азамат соғысына қатысуын тоқтатуды қолдап дауыс берді.

Йеменде Вашингтон Сауд Арабиясы жетекшілік ететін әскери кампанияны қолдайды. Қарар АҚШ президенті Дональд Трампқа жіберілген. Америкалық басылымдар Трамп құжатқа вето қояды деп хабарлады.

Сенат қарарды жеті республикашылдың қолдауымен наурызда қабылдаған. Бұл – шетелдегі әскери конфликтіге қатысуды доғару үшін әлдебір қарарды конгрестің екі палатасы да қолдап дауыс берген алғаш жағдай.

АҚШ-тың Йемендегі кампанияға қатысуына қарсылар қатары былтыр қазанда Стамбулдағы Сауд Арабиясы елшілігінде The Washington Post газетінің колумнисі Жамал Хашоггидің қазасынан соң көбейген. Соңғы жылдары журналист Эр-Рияд саясатын сынап жүрген.

Америкалық және түркиялық арнайы қызметтер Хашоггиді өлтіруге Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бин Салман тапсырыс берді деп санайды. Журналистің денесі әлі табылған жоқ. Эр-Рияд Хашогги қазасына күдікті 21 адамның ұсталғанын хабарлағанымен, өзінің қастандыққа қатысы жоғын айтқан.

Azattyq