АҚШ Катардағы әскери базасын кеңітеді

0

АҚШ пен Катар америкалық Эль-Удейд әскери базасын кеңіту және жаңарту туралы меморандумға қол қойды. Құжатқа АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның Дохаға сапары барысында қол қойылды.

Эль-Удейд базасында қазір АҚШ қарулы күштерінің Сирия, Ирак және Ауғанстандағы операцияларына жүргізетін орталық қолбасшылығы және 10 мың америкалық әскери қызметкер орналасқан.

Майк Помпео Катар мен Парсы шығанағындағы өзге елдерді өзара кикілжіңді мүмкін болғанынша тез арада шешуге шақырды. «Мақсаты ортақ елдер арасындағы дау табысқа жеткізбейді» деді Помпео. Сауд Арабиясы 2017 жылы Катарды «терроризмді қолдайды» деп айыптап, онымен байланысын үзген. Одан кейін аймақтағы бірнеше ел де Катармен қарым-қатынасын тоқтатқан. Ал Түркия мен Иран Катарды қолдаған.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Таяу Шығыс аймағы елдерінде сапарлап жүр. Ол сапар аясында 10 елге барады.Помпео Катардан соң Сауд Арабиясына барды. Ол Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мохаммедпен кездесуінде журналист Жамал Хашоггидің өліміне кінәлілерді жауапқа тарту мәселесін көтергенін мәлімдеді.

АҚШ президенті Дональд Трамп бұған дейін Хашоггидің өлімін айыптаған, бірақ Сауд Арабиясы АҚШ-тың стратегиялық серігі болып қала беретінін мәлімдеген.

Дереккөз: Азаттық