АҚШ Иранды спутникті зымыран бағдарламасына қолданды деп айыптады

0

АҚШ Иранды спутникті желеу етіп баллистикалық зымыран бағдарламасын дамытты деп айыптады. Екі күн бұрын Иранның ресми орындары ирандық ғалымдар құрастырған «Зафар» спутнигін жоспардағыдай орбитаға шығара алмағанын хабарлаған.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның 11 ақпанда таратқан мәлімдемесінде спутникті ұшыру кезінде қолданылған технологияны ұзақ қашықтыққа ұшатын аппараттар жүйесін дамытуға қолдануға болатынын, олардың құрлықаралық баллистикалық зымырандарға да жарай беретіні жазылған.

“Мейлі сәтті өтсін-өтпесін, бұл қадам Иранға осындай технологияның көмегімен бейбіт ғарыш бағдарламасын желеу етіп, зымыран бағдарламасын дамытуға мүмкіндік береді” делінген мәлімдемеде.

Помпеоның пікірінше, “терроризмге дем беруші жетекші елге баллистикалық зымыранды дамытып, сынақтан өткізуіне мүмкіндік беруге болмайды». Халықаралық қауымдастық бәріне ортақ стандартты ұстануы тиіс деді.

АҚШ дипломаттарының айтуынша, Вашингтон Тегеранның зымыранға қатысты ақылға қонымсыз әрекетіне халықаралық деңгейде төтеп беруге көмектеседі және Иран билігін осы райынан қайтаруға күш салады.

Франция да спутниктің ұшырылуын айыптап, Тегеранды зымыран бағдарламасы бойынша халықаралық міндеттемелерін орындауға шақырды.

Иран «спутникті желеу етіп зымыран бағдарламасын дамытты» деген тұжырымды жоққа шығарды.

Иранның қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Ахмад Хосейни 9 ақпанда мемлекеттік телеарнаға берген сұхбатында “Зафар» спутнигі қажетті жылдамдық ала алмағандықтан жоспардағыдай әуеге көтеріле алмады” деп мәлімдеді.

Өткен жылы қаңтар және ақпан айларында Пайям және Дусти («Достық») спутниктерін ұшыру сәтсіз аяқталып, тамыз айында спутникті ұшыру кезінде ғарыш айлағында зымыран жарылған.

Иран 2021 жылға дейін тағы бес спутник құрастыратынын айтып отыр.

Оқи отырыңыз: Иран жақын күндері спутник ұшыратынын растады

Azattyq