АҚШ ЕО-ға Ресейге қарсы санкцияны күшейту туралы ұсыныс білдірді

0

Еуропа елдері Керчь бұғазындағы оқиғаға байланысты Ресейге қарсы санкцияларды күшейтуі қажет. Бұл туралы АҚШ Мемлекеттік департаментінің ресми өкілі Хизер Нойерт хабарлады.

Бұған дейін Еуропа 2014 жылы Ресейдің Қырымды аннексиялап алуына қарсы бірнеше санкциялар енгізген болатын. Хизер Нойерт өз мәлімдемесінде: «АҚШ Украинаны қолдайды. Біз басқа елдердің де осы саясатты ұстанғанын қалаймыз. Ұлттық қауіпсіздік стратегиямызда көрсетілгендей, әлем елдерінің бір-біріне қолдау білдіруі міндет. Осы ретте Еуропа елдерін «Солтүстік ағын – 2» құбыры жобасынан бас  тартуға шақырамыз. Себебі, бұл жоба Ресей мүддесі мен экономикасына көмектеседі», – деді.

Еуропа Одағының уақытша төраға қызметін атқарушы, Аустрия сыртқы істер министрі Карин Кнайсль желтоқсанда өтетін саммитте одақ елдерінің басшылары Азовта Украинаның үш әскери кемесін экипажымен қоса басып алғаны үшін Ресейге салынған санкцияларды қатаңдату мәселесін қарастыратынын мәлімдеді. Бұл ұсынысқа Эстония, Польша қолдау білдірсе, Германия мен Франция қарсы шықты. Екі ел өкілдері Украина мен Ресей арасындағы достық қатынасын күшейту керектігін және санкцияның бұған сай келмейтінін айтқан.

Осы аптада Киев пен Мәскеу текетіресі БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінде талқыланып, АҚШ, НАТО және ЕО толығымен Украинаның аумақтық еркіндігін қолдады. Сонымен қатар, Еуропалық Одақ елдері Ресейдің бұл әрекетін «кезекті агрессорлық пиғылға» балады. Ал Ақ үй басшысы Дональд Трамп Аргентинада өтетін саммит барысында Путинмен кездеспеуім мүмкін, себебі Ресей жасап отырған агрессия ұнамайды деп мәлімдеді.
Айта кетейік, 25 қараша Ресей Керчь бұғазында Украина әскери-теңіз күштерінің үш кемесін басып алып, оқ атқан. Украина президенті Петр Порошенко Ресейдің бұл әрекетін «басқыншылық» деп атап, олардан Азов теңізінде ұсталған Украина әскери кемелері мен теңізшілерін дереу босатуды талап етті.

«The Qazaq Times»