АҚШ азаматтарының Кубаға қатынауы қиындады
4 маусымда АҚШ қаржы министрлігі ел азаматтарының Кубаға білім алу үшін топ құрамында баруына, жеке ұшақ және кемемен саяхаттауына тыйым салатын жаңа ережені жариялайды. Бұл құжат бірден заңды күшіне енді.
Жаңа шектеулер тегі кубалық АҚШ азаматтарына Кубадағы туыстарына ақша жіберіп тұруына шектеу қоймайды. АҚШ әуе компаниялары да Кубаға қатынауын жалғастыра береді. Бірақ енді олардың қызметін тек Кубада туысы бар АҚШ азаматтары, қызмет бабымен Кубаға баратын журналистер сияқты бірен-саран адам ғана пайдалана алады.
АҚШ қаржы министрлігінің баспаөз хатшысы алдағы айда Кубаға қатысты тағы бірқатар шектеу енгізілетінін хабарлады.
2015 жылы Вашингтондағы Куба елшілігін ашқан Кубаның сыртқы істер министрі Бруно Родригес Паррилья бұл шектеулерді «халықаралық құқыққа шабуыл және барлық кубалықтардың азаматтық құқығын өрескел бұзу» деп атады.
Кубаға қатысты шектеу – Трамптың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джон Болтон биыл сәуірде мәлімдеген жаңа саяси бағыттың жүзеге асырылуы. Бұл бағыт алдыңғы президент Барак Обаманың Кубамен қалыптастырған қарым-қатынасын жоюға бағытталған. Обама 1960 жылдардың басында Гаванамен арада үзіліп қалған дипломатиялық қатынастарды қалпына келтіріп, АҚШ азаматтарының Кубаға баруы жеңілдеткен еді. Куба үкімет статистикасына сәйкес, елге ең көп келетін туристер саны бойынша АҚШ азаматтары Канададан кейін екінші орында екен.
Трамп әкімшілігі Кубаны Венесуэла президенті Николас Мадуро режимін жақтайды деп айыптайды. Вашингтон, Гавана Венесуэлаға Мадуроға көмекке 20 мың әскер жіберді деген сенімде. Куба болса Венесуэлаға әскер емес арнайы бағдарлама аясында дәрігерлер мен мұғалімдер жібергенін айтып, айыптауды мойындамайды.