АҚШ әскери кемесі Қара теңізге кірді

0

АҚШ-тың USS Fort McHenry әскери кемесі Қара теңіздегі Румыния портына барды. АҚШ кемесі қарашаның соңында Керчь бұғазында Ресей күштері Украина әскери кемелерін теңізшілерімен бірге ұстағаннан бері бірінші рет Қара теңізге еніп отыр.

Румыния мен АҚШ шенеуніктері десант кемесі Константа портына 7 қаңтар күні барғанын және ол жерде 10 қаңтарға дейін болатынын айтады. Бұдан соң ол Румыния фрегатымен бірге Қара теңіздің Румынияға тиесілі бөлігінде әскери оқу-жаттығу өткізбек. Жаттығуға қанша америкалық әскер қатысатыны белгісіз.

АҚШ әскери-теңіз күштерінің өкілі ТАСС агенттігіне USS Fort McHenry кемесі Қара теңізге әскери кемелердің теңіздерде жүріп-тұру тәртібін айқындайтын халықаралық Монтре келісіміне сай барғанын айтады.

25 қарашада Ресей шекарашылары Керчь бұғазы арқылы Мариупольге бармақ болған Украинаның үш кемесін ұстаған. Ресей билігі кемелер Ресейдің Қырым жағалауындағы аумағына заңсыз кірмек болды деп санайды. Киев болса Ресей мен Украина арасында 2003 жылы жасалған келісім бойынша украин кемелерінің Қара теңіздің Ресейге тиесілі аумағында жүруіне болатынын айтады.

Үш кемеде болған 24 украин теңізшісі сот санкциясымен Мәскеудегі тергеу абақтысына қамауға алынды. Олар Ресейдің мемлекеттік шекарасын бұзды деп айыпталып отыр. Теңізшілер өздерін әскери тұтқынбыз деп санайды.

Дереккөз: Азаттық