«Ақпараттық соғыста Нүкеновтер ұтылып жатыр». Депутат атышулы іске қатысты пікір білдірді
Әйелін аяусыз ұрып өлтірді деген айып тағылып отырған бұрынғы шенеунік Қуандық Бишімбаевтың айналасында қызу дау жүріп жатыр. Қоғамда адамдардың пікірі екіге бөлінді десек те артық емес. Тіпті кейбіреулер әлеуметтік желіде Бишімбаевты ашықтан-ашық ақтап, Нүкеновалардың әулетіне қара күйе жағып отыр.
Айтыскер ақын, Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов та экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты жүріп жатқан осы ақпараттық науқанға пікір білдірді, — деп хабарлайды Dalanews.kz.
Зайытовтың сөзінше, Бишімбаев та халықты оңай алдауды білетін Ескі Қазақстанның, ескі жүйенің адамы.
«Қуандық Бишімбаев деген азамат — кезіндегі жүйеде жұмыс істеп, қоғамды қалай алдаусырату керек, қоғамдық пікірді қалай бұру керек екенін өте жақсы меңгерген адам.
Менің ойым, қазір Нүкенова ханымның тарапына жасалып жатқан шабуылдар, тағы бір ақпарат шықты, оның бауырын ба тағы біреуді қыз зорламақшы болды дейді. Адамның аузы бармайтын қылмысқа қатысы бар деген сияқты әңгімелер шықты. Оның барлығы сол әулеттің қоғамның арасындағы пікірді қалай бұрмалауға болатынын жақсы меңгергенін көрсетіп тұр», — дейді депутат.
Расында да, кеше әлеуметтік желіде марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелдіге қатысты жазбалар пайда болды.
Дау Елена Семенова есімді желі қолданушысының жазбасынан кейін шықты.
«…Ең бастысы, неге марқұмның ағасы Айтбек Амангелді, зорлық-зомбылық көрген әйелдерді қорғайтын адал адам өзі туралы бар шындықты айтпайды? Неліктен ол өзіне қатысты арыз түскені жайлы шындықты айтпайды? 10 жастағы қызды, яғни бұрынғы министр Бишімбаевтың қызын зорлау әрекеті туралы рапорт барын неге айтпайды?
Ол зорлау туралы арыз берілгеннен кейін тергеуден қалай құтылды? Неліктен Айбек Амангелдінің жағдайында сот төрелігі нәтиже бермеді, бұрынғы әкім болған ағасының ықпалы болды ма екен? Неліктен тергеу органдары бірнеше сараптама жүргізбеді? Ал Бишімбаевтың бұрынғы жұбайы үшін не өзгерді, ол арыз жазып, содан кейін ештеңе болған жоқ деп арызды неге қайтарып алды? Қай кезден бастап бізде дәлел емес пікір ескерілді? Неліктен қыздың анасы қайтыс болған адамды алтын адам дейді? Бұл, бір сөзбен айтқанда, ақша үшін бәріне көз жұмуға дайын екіжүзділік деп аталады!» — деп жазды ол.
Кейін Бишімбаевтың 14 жыл отасқан бірінші әйелі Назым Қахарман мұның бәрін жоққа шығарды.
Айтыскер Ринат Зайытов мұндай адам өлімі болған жерде қылмыскерді ешқашан ақтауға болмайтынын айтады. Дегенмен қазір қызу ақпараттық соғыс жүріп жатқанын ешкім жоққа шығармайды.
«Менің ойым, ондай қылмыстық істерде, кісі өлімі болған қылмыстық істерде, дәлелі бар қылмыстық істерде қандай да бір ақталудың орын алуы мүмкін емес. Ондай ақпараттық соғыс болып жатыр.
Өкінішке қарай, жәбірленуші тарап ақпараттық соғыста ұтылып жатыр деп ойлаймын», — деді Зайытов.
Мәжіліс депутаты елдегі соттың әділдігіне де күмән келтірді.
«Қазақстанда соңғы рет әділетті сотты қашан көрдіңіз?! Біздің сот жүйесі жеке мемлекет сияқты жұмыс істейді. Ашқысы келсе ашады, жапқысы келсе жабады. Халықтың қатысуымен ашық сот жасау керек дейтіндей Бишімбаев деген оппозициялық тұлға ма, халықтың сөзін сөйлеген адам ба, жазықсыз жәбір көріп сотталып жатқан адам ба?!» — деп ашынды депутат.
Зайытов айтып отырған ақпараттық соғыс басталып кеткеніне біраз уақыт болды. Бұған дейін журналист Сырым Итқұлов бұрынғы министр Ермұхамет Ертісбаевты Бишімбаевты қолдауға қатысы бар адамдардың бірі екенін айтқан еді.
«Қуандықтың әкесі Уәлихан Бишімбаевтың ұлын қорғаштап, қоғамдағы пікірге әсер етуге тырысқан видеосы естеріңізде ме? Ол журналистер мен блогерлердің үсітнен өзін, ұлын, олардың отбасын көпшілік алдында қорлағаны үшін арыз жазды.
Ал бұқараға үн қату үшін оған Назарбаевтың бұлбұлы — Ермұхамет Ертісбаевтан басқа ешкім мүмкіндік берген жоқ.
Уәлихан Бишімбаев та сол сияқты, өмір бойы «ескі қазақстандық». Университетті басқаратын қатардағы ректор ретінде есепсіз байлық жинады. Олар қандай жолдармен «табылғаны» түсінікті, соның арқасында жұбайы ұзақ жыл бойы табысты бизнесті басқарды.
Көпшілік Қуандық Бишімбаевтың өзі де сыбайлас жемқорлық үшін отырғанын ұмытып кетті, бірақ туыстарының ықпалды байланыстарының арқасында ол мерзімінен бұрын бостандыққа шықты», — деді Итқұлов.
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева да осы іс бойынша дабыл қағып, Бишімбаевты ақтайтындарға таңы бар екенін жазды.