Ақордаға барып шағымданбақ болған аналарды министрлік өкілдері қабылдады

0

18 желтоқсанда Ақордаға бармақ болып, полиция тосқауылына кезіккен бір топ ананы бейсенбі, 19 желтоқсанда министрлік және әкімдік өкілдері қабылдады. Бір топ ана мен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, индустрия және инновациялық даму министрлігі өкілдері арасындағы кездесу Нұр-Сұлтандағы «Жанұя» отбасын қолдау орталығында өтті.

Кеше Азаттыққа сұхбат берген аналар билікке негізінен үш талабы бар екенін айтқан еді: «Алтын алқа» және «Күміс алқа», «Батыр ана», «Даңқ» ордені иегерлерінің мәртебесін қайтарып, оларды бірінші кезекте тұрғын үймен қамтамасыз ету, аналардан балалары үш жасқа келгеннен кейін жұмысқа шығуларын талап етпеу және мүгедектігі бар адамдар мен мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған азаматтардың жәрдемақысын кіріс ретінде есептемеу. Бүгінгі кездесу кезінде де сол талаптарды қайталап, бұған қоса көп балалы отбасылардың әлеуметтік жағдайы нашар екенін айтты.

— Келесі жылдан бастап аналар балалары үш жасқа толғаннан кейін мәжбүрлі түрде жұмысқа шығуға мәжбүрленеді. Егер оны істемесе, атаулы әлеуметтік көмектен қағылмақ. Өздеріңіз білесіздер, ақпан айындағы қайғылы оқиғаны — осындай мәжбүрліктің салдарынан ата-анасы бес баланы үйінде қамап кеткен. Сол жағдай бүкіл аналардың жүрегін ауыртты. Сол кезде аналар балаларын тастап, көшеге шықты. Сонда ғана билік аналардың жан айқайын естіп, әулемметтік көмекті тағайындады. Енді оны бір жылға да шыдатпай тартып алмақшы, — деді «Алтын алқа» иегері Гүлнар Рақымжанова.

Кездесу кезінде бұдан бөлек, коллекторларға өтіп кеткен несиелер жайы, балаларға ЖОО-дан грант бөлу мәселесі айтылды. Құрылыс және тұрғын үй коммуналды шаруашылығы істері комитеті төрағасының орынбасары Бейбіт Шаханов аналардың «көкейтесті мәселе» көтергенін айтып, мемлекет көп балалы отбасылардың жағдайын жақсартуға барынша күш салып жатқанын айтты.

— Барған сайын тұрғын үй кезегіне тұратын адамдар саны көбейіп барады. Жылына кезекке 50 мың адам қосылады. 2017-2018 жылдары көп балалы аналарға республика бойынша 1193 үй ғана берілген. Ал биыл он ай ішінде 5,5 мың үй берілді, — деді Бейбіт Шаханов.

Ол осылай деген кезде кейбір аналар «біз үй алған жоқпыз және үй алғандарды білмейміз» деп наразылық білдірді. Ол «әкімдік үйлерді салып жатыр, көбі бітпеген, кейбірі жыл соңына дейін бітеді, кейбірінің құрылысы келесі жылы аяқталады» деп сөзін жалғастырды Бейбіт Шаханов.

Аналар жалдамалы үйлерді алуға қарсы екенін айтқан кезде министрлік өкілі «мұндай ұсыныс басқа аналардан да түсіп жатыр, мәселені қарастырып жатырмыз» деп жауап берді. Жиналыс әлі жалғасып жатыр.

Қазан айында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов үкіметте атаулы әлеуметтік көмектің «жаңартылған» жобасын таныстырды. Билік 2020 жылы қаңтардың 1-нен бастап атаулы әлеуметтік көмек аз қамтылған отбасыларға ондағы еңбекке жарамды азаматтар мемлекет ұсынған жұмыста істеуге келіскен кезде ғана (шенеуніктер тілінде бұл «жұмыспен қамтуға ықпал ету шарасына қатысу» деп аталады) берілетінін мәлімдеді. Отбасы мүшелері жұмыстан бас тартқан жағдайда, бүкіл отбасына берілетін төлем тоқтатылады. Билік барлық көп балалы отбасы үшін бала санына байланысты, көлемі 73 375 теңгеден аспайтын дифференциалды жәрдемақы енгізуді ұсынған. Кейбір әйелдердің пікірінше, бұл өзгерістер елдегі көп балалы аналардың жағдайын жақсартпайды.

Оқи отырыңыз: Ақордаға барғысы келген көп балалы аналарды жолда полиция бөгеді

Azattyq