Ақорда сайты Тоқаевтың Назарбаевпен кездесуі жайлы ақпарат бермеді

0

Қазақстанның бұрынғы президентінің интернет-ресурсы 29 шілдеде Нұрсұлтан Назарбаевтың қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездескені жайлы ақпарат жариялады. Elbasy.kz сайтында кездесу барысында «елдегі қоғамдық-саяси ахуал және азаматтық қоғам институттарын дамыту мәселесі мен алдағы кезеңнің жұмыс жоспары талқыланғаны» жазылған. Өзге мәлімет жоқ.

Осыған ұқсас ақпаратты ресми БАҚ — мемлекеттік «Казахстанская правда» газеті мен «Қазақпарат» агенттігі де таратты.

Дүйсенбіде 24.kz телеранасының кешкі жаңалығында Назарбаев пен Тоқаевтың кездесуі жайлы 18 секундтық ақпарат шықты. Жүргізуші elbasy.kz сайтындағы екі сөйлемді оқып, экранда Назарбаев пен Тоқаевтың отырған видеосы көрсетілді. Бұдан соң 24.kz телеарнасы бұрынғы президенттің өзі жетекшілік ететін «Нұр Отан» саяси партиясы басшысының бірінші орынбасары Бауыржан Байбекпен кездескенін көрсетіп, Назарбаевтың сөзінен үзінді берді.

Ал Қазақстан президентінің ресми сайты (akorda.kz) Назарбаев пен Тоқаев бұл кездесу жайлы жазбады. Тоқаевтың Twitter-парақшасында да мұндай ақпарат жоқ. Президент әдетте кездесулері мен берілген тапсырмалар жайлы ақпаратты сонда жариялайтын.

Нұрсұлтан Назарбаев наурыз айында президенттіктен кеткен соң орнына Қасым-Жомарт Тоқаевты қойған. Тоқаев 9 маусымда кезектен тыс өткен президент сайлауында 70 пайыздан артық дауыс жинап жеңіске жетті. Сайлау күні билікке, сайлауға қарсы наразылық акциясына шыққан мыңдаған адамды полиция ұстаған. Халықаралық ұйымдар сайлау күнгі полицияның әрекетін «заңсыз» деп сынады. Қазақстан орталық сайлау комиссиясы сайлау нәтижесін заңды деп жариялаған, 12 маусымда Тоқаев ант етіп, қызметіне кірісті.

Нұрсұлтан Назарбаев президенттіктен кеткенімен «Нұр Отан» партиясы мен Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде қалған.



Azattyq