Ақорда миллиардтаған қаражаттың жымқырылғанын хабарлады

0

Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға бөлінген қаржының қаншалықты тиімді пайдаланылғаны талқыланды

НҰР-СҰЛТАН, 4 қазан — Sputnik. Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен президент жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды Ақорда.

Министрліктер мен ведомство өкілдері өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасына арналған қаражаттың тиімді жұмсалуына баға берді.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, комиссия бұл бағдарлама өңірлердегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін арттыратынын анықтаған. Бұл ең алдымен, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және ауыз сумен қамтамасыз ету салаларына қатысты.

Мемлекеттік органдар қанша бұзушылық анықтады

Прокурорлар алты өңірде қаржы жымқыру және мақсатсыз жұмсау фактілері бойынша жалпы сомасы 5,3 миллиард теңге мемлекеттік қаражаттың ысырап болғанын анықтаған. Осы фактілер бойынша жеті сотқа дейінгі тергеу жұмысы басталып, 267 миллион теңге қайтарылған.

Тағы оқыңыз: 13 тонна алтынды үйінде жасырған шенеунік ұсталды – видео

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 2017 жылдан бастап сыбайлас жемқорлық бойынша 145 қылмысты анықтады. Қылмыс жасағаны үшін 78 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 59-ы сотталды.

2019 жылы анықталған бұзушылықтар

Биыл  камералық бақылау жалпы сомасы 42,8 миллиард теңгені құрайтын мемлекеттік сатып алудың 45-ін тексерді. Жалпы сомасы 39,1 миллиард теңге болатын 42 процедура бойынша мемлекеттік сатып алу заңдылығын бұзу жағдайы анықталған.

Комиссия президент тапсырмаларын орындау барысында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған нақты ұсыныстар дайындап, тиісті мемлекеттік органдарға жіберді.



sputniknews.kz