Ақмолалық әйел интернет-алаяқтарға 5 млн теңгесін беріп қойған

0
56

Ақмолалық әйел алаяқтардың құрығына түсіп қалды, деп хабарлайды Kznews.kz тілшісі Ulysmedia.kz сілтеме жасап.

Интернет-алаяқтардың әрекетінен зардап шеккен Ақмола облысының тұрғынының өтініші Көкшетау қаласының Полиция басқармасына 11 қазанда түскен.

Өтініш берушінің айтуынша, ағымдағы жылдың қыркүйегінде Instagram әлеуметтік желісінде оның назарын капиталды көбейту және дивидендтер алу мүмкіндігі туралы хабарлама аударған. Аталған сілтеме бойынша өтіп, шағын сауалнаманы толтырған ақмолалық тұрғын бағдарламаға тіркелген, сол мезетте оның телефонына бір консультанттан қоңырау түскен. Күні бойы алаяқтар өтініш берушіні барлық нұсқауларды орындау және ақша аудару қажет деп сендірген. Әйелде бұл алаяқтар болуы мүмкін деген күдік бірнеше рет пайда болған, алайда адамды сендірудің жоғары қабілетіне ие алаяқтар оны сендіріп, сонымен қатар гипноздағандай болған.

Осы бағдарламаның заңдылығы туралы сұрақтарға алаяқтар деректемелері бар құжаттар ұсынған. Талап етілген соманы аудару үшін өтініш беруші депозиттегі жинақтарды пайдаланып, достарынан қарыз алған, сондай-ақ банктен несие рәсімдеген. Алаяқтарға аударылған жалпы сома – 5 миллион теңгеден астам.

Бұл фактіні полицейлер ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркеді. Алғашқы тергеу әрекеттері аясында хат-хабарлар, қоңыраулар түскен телефон нөмірлері тәркіленді. Тергеу жалғасуда.

“Полицейлер ақмолалықтарды қырағы болуға шақырады: интернет-алаяқтықтың негізгі түрлері – интернет-ресурстарға жалған хабарландырулар беру және жәбірленушілердің жоқ тауар үшін алдын ала төлем жасауы – 94 факт, әлеуметтік желілер арқылы кредиттерді рәсімдеу және онлайн-қарыздар. Соңғы кезде алаяқтар сенгіш азаматтарға қоңырау шалып, өздерін банк қызметкерлері етіп таныстыратын жағдайлар жиілеп кетті. Сондай-ақ полиция қызметкерлері банкпен бірлескен іс-шаралар өткізіп, олардың банктік операциялары туралы алаңдайтын фактілер де бар. Олар бір реттік нөмірлерден қоңырау шалып, қылмыстық қудалау қаупімен қорқытады”, – деп жазды Ақмола облыстық Полиция департаментінен.

Тәртіп сақшылары Ақмола облысының тұрғындары мен қонақтарына ешбір жағдайда ССV-кодтар мен банк карталарының нөмірлерін хабарламауға, банктің жалған өкілдерінің нұсқауы бойынша қашықтан қол жеткізу қосымшаларын жүктемеуге кеңес береді. Егер біреу алаяқтардың құрбаны болса, дереу банктердің қауіпсіздік қызметіне хабарласып, банк картасын бұғаттап, полицияға жүгіну қажет.